«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шекара маңындағы саудаға және Қазақстанның транзиттік әлеуетіне айрықша мән береді және тауарлардың экспортын, импортын және транзитін шекарадан барынша жайлы, қауіпсіз және жылдам өткізу міндетін қойып отыр. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы өз сөзінде көлік коммуникациялары Үкімет саясатындағы басым бағыт болып отырғанын атап өтті. Бұл тұрғыда Қазақстанның шекара маңы ынтымақтастығының аса маңызды нүктелерінің бірі – Қорғас. Қазіргі уақытта Қорғастағы жағдай екіұшты болып отыр», - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстан жай ғана шекара бекеті болған Қорғаста транзит пен шекара маңы саудасының жаңа инфрақұрылымын құра алды. Ен даланың ортасында құрғақ порт, халықаралық шекаралық сауда орталығы, автомобиль және теміржол кіреберістері, ангарлар, қоймалар және тіпті жаңа елдімекендер пайда болды. Осының барлығы Қазақстанның ғана емес, Оңтүстік Сібір өңірлерінің, оған қоса Орталық Азия өңірлері аясында жаңа экономикалық белсенділікке серпін берді.
Алайда екінші бір жағынан, экономикалық даму мен қомақты ақша ағындары қылмыс әлемінің назарын аударды, оның соңы ұйымдасқан қылмыстық топтар тізбегін құруға ұласты. Қылмыстық элементтер сыбайлас жемқорлық схемаларын белсенді қолданды, олар мемлекеттік органдарға таралып, мемлекеттік қызметкерлер мен бандиттердің халықаралық қылмыстағы беделді адамдардың мүдделеріне қызмет ететін қауіпті байланысын тудырды.
«Қазақстан-Қытай саудасы туралы жарияланымдарды қарасақ, екі түрлі мақалалар мен сюжеттер көреміз. Біріншісі – «қазақстандық ғажайыпты» суреттеу, яғни, ресейлік және басқа да шетелдік журналистер мен блогерлер шекарадағы өмірдің қалай өзгергенін, бұрынғы милитаризацияланған қару-жарақ пен миналармен толтырылған кеңес-қытай шекарасынан заманауи сауда орталықтарының, қонақ үйлер мен мейрамханалардың, логистикалық хабтардың құрылғанын көрсетеді. Дәл осы Қазақстан-Қытай саудасы мен транзитін дамытуда елімізде логистикамен байланысты қызметтердің жаңа секторы дамыды және Қытай-Батыс Еуропа бағыты бойынша тауарлар транзитіне қызмет көрсетумен бойынша бірқатар жаңа мамандықтар пайда болды. Қазақстанның халықаралық қызметтерінің 30%-ға жуығы континентаралық бағыттар логистикасымен тығыз байланысты.
Бірақ шекара ынтымақтастығының кереғар тұсы – сыбайлас жемқорлықты әшкерелеумен, контрабандашыларды тұтқындаумен, қылмыстық соғыстармен және қауіпсіздік күштерінің шекараны бақылау үшін күресуімен байланысты бітпейтін жанжалдар болды. «Сұр схемалардың» тамыр жаюының дәлелі – Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының бірнеше миллиардтық статистикасы арасындағы деректердің сәйкес келмеуі болды, бұл ретте цифрлар жылдан жылға өсіп отырған», - дейді Ә. Кәукенов.
Тағы бір маңызды мәселе ретінде сарапшы монополияға қарсы заңнама мен бәсекелестікті қорғау туралы заңның бұзылғанын айтты. Осылайша сауда туралы заңнамадағы олқылықты және өз «қамқоршыларының» саяси беделін пайдаланып, шекара маңындағы сауда мен өту инфрақұрылымын иемденіп алған компаниялар пайда болды. Салдарынан әділетсіз бәсекелестік пен мәжбүрлі қызметтер пайда болған, бұл қазақстандық тауарлардың экспортында да, импортта да бағаның қымбаттауына әкеп соққан. Жасанды кезектер мен ақша бопсалау жүк көліктерінің шақырымда созылған кезегін тудырып, дау-дамайға себеп болған. Бұл Қазақстанның транзиттік хаб және Азия мен Еуропа арасындағы құрлық көпірі ретіндегі имиджіне қатты соққы берді.
Пандемия кезеңінде мәселе күрт шиеленісіп, тауарлар бағасының тағы қымбаттауына ықпал етті, қарапайым тұтынушыға да, тауарлары қытай нарығында бәсекелесе алмайтын қазақстандық өндірушіге де әсер етті.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың шекарадағы «былықпен» күресуді қатаң талап еткені де таңқаларлық емес. Мемлекет басшысының шекараның ашық және өркениетті жұмысы туралы идеясының толық жүзеге асырылуы маңызды. Шекара маңындағы саудаға тартылған азаматтар да ашықтықты қамтамасыз етуде басты тірек болуға тиіс. Мұнда шағымдар мен оларға жауап берудің нақты механизмін құру жеткілікті, ол бір демде көптеген қаскөйден тазарта алады. Бұл қазынаға жаңа түсімдер, бизнестің жаңа нысандарының пайда болуы, импортталатын тауарларға инфляциялық қысымның төмендеуі сияқты үлкен мультипликативтік әсер береді және қазақстандық тауарлар мен көлік қызметтерінің бәсекеге қабілеттігін арттырады. Қорғастың оң тәжірибесі Қазақстанның Ресеймен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен және т.б. шекараларына да пайдалы екенін түсіну керек, сондықтан бұл экономикалық орынның бүкіл ел үшін үлгілі болуы маңызды», - дейді Әділ Кәукенов.