***
«Қытайда оқып жүрген қазақ студенттері азып бітті» - интернеттегі бір материал тап осылай аталады. Оған қосылған мас қыздың фотосы сол ойдың дәлелі ретінде берілген. Ол қыздың қазақ қызы екендігін дәлелдейтін ештеңе де жоқ. Қазір аспанасты елінде 9 мыңнан астам қазақстандық жас білім алып жатыр. Тіпті дәл сол сурет дәл нақты қазақ студент қызының суреті болғанда да осыған қарап Қытайда оқып жүрген жастарымыздың бәрі азғындап кеткен деп айту неткен жантүршігерлік жала десеңізші! Жамандайын деген адамға бір ауылдың жаман атын шығаруға бір ақымақ та жетеді. Сөйте тұра, осындай ғайбат материал ғаламтор төрін бермей тұр. Дәл осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетін сенбілік санында «Жырақта жүрген жастар» деген тақырыппен беріліп, онда жоғарыдағы мақаланың ұшқары әрі дәйексіз жазылғандығын ашып беруге тырысқан. «Шанхайда оқып жүрген қазақ студенттерінің бір жетістігі - әр қаладағы Қазақ студенттері ұйымдарын біріктірген. Былтыр мамырда өткізілген Қазақстан жастары құрылтайында барлық мемлекеттердегі қазақ студенттері ұйымдарына бір ат қойып, бір мақсатқа жұмылдырамыз деп шешім қабылдапты. Қысқасы, Қытайдағы қазақ студенттері Дүниежүзілік қазақ студенттері ұйымдарын біріктіруге ұйытқы болмақ. Әйтпесе, әр елдегі қазақ студенттері өздеріне ағылшынша, немесе ұлтымызға үйлеспейтін басқалай аттар қойып алған. Әрі бір ұйымға біріксек, оның жұмысын Қазақстаннан бақылауға мүмкіндік туатын еді, дейді жастарымыз. Қазірдің өзінде бұл идеяны іске асыруға құлшынып отырған әр елде өкілдер бар көрінеді», - деп жазады мақала авторы.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков баспасөз мәслихатын өткізді. Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы баяндады. «Жыл басынан бері облыстың негiзгi капиталына 273 млрд. теңге инвестиция тартылыпты. Ал облыс әкiмдiгiнiң баспасөз қызметi таратқан ақпараттарға сүйенсек, 2011-2014 жылдар аралығында облыс экономикасына 981,8 млрд. теңге инвестицияланған. Оның iшiнде шетелдiк инвестициялар 2011 жылмен салыстырғанда 10 пайызға артқан. 2014 жыл қорытындылары бойынша өңiр экономикасына құйылатын инвестициялар көрсеткiшi 363,3 млрд. теңгенi құрайды деп болжануда екен», - деп жазады басылым. Мақала «Қарағандының даму қадамдары» деген тақырыппен берілген. *** «Айқын» газетінің бүгінгі санында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рафаэл Ниязбекпен арадағы сұхбат «Абыз да, ақсақал да азайды ғой» деген тақырыппен берілген. Сұхбат барысында басылымның барлық сауалына тұщымды жауап берген ақын: «Сүйінетінім - Тәуелсіздік. Тәубе деймін. Қазақ үшін одан артық байлық та, бақыт та жоқ. Тәуелсіздікті аялай да, сүйе де, жан-тәнімізбен қорғай да білуге тиіспіз! Күйіндіретіні - әлі күнге құлдық санадан түгелдей арыла қоймағанымыз. Жалтақпыз. «Анау не дейді, мынаған жақпай қаламыз ба?» деп күбіжіктеп, көп нәрсені уыстан шығарып алып жатқан жайымыз бар. Алып территорияны иеленіп отырған қазақтың шамалы ғана екенін шұқып айтып, айбат көрсетіп отырғандар, алыста емес, тура түбімізде. «Сақтансаң - сақтаймын» деген. Сақтанудың басты жолы - көбею. Ол үшін әйелдерге қамқорлық жасаудан еш тарылмай, қолда бар мүмкіндікті екшей отырып, бар жағдайды жасау - басты мақсат пен міндетке айналса қанеки!», - дейді.
«Ойлап отырсақ, біздің ата-бабаларымыз тұрмыс-тіршіліктің тамаша үлгісін қалыптастырған. Таңнан тұрып түндік ашып, сәлем салатын сыпайы келіндерді былай қойғанда, бір үйдегі бірнеше әйел қалайша үнсіз өмір сүруді үйренген. Сол кездегі тату-тәтті тіршілік бүгінгі ұрпақты қатты қызықтырады. Өйткені қазір тұрмыс түзелген сайын мінез-құлық өзгерді, жақсылықтан жамандық таразы басын басты. Жетімін жылатпаған ағайын жесірге «шабуыл» жасайтын болды. Бұған ыңғай білдіретін де бірінші әйел көрінеді. «Тана көзін сүзбесе, бұқа бұйдасын үзе ме?» деген сөз де осындайдан шықса керек-ті», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік нөміріндегі «Көргенсіз келіншектер неге көбейді?» деген тақырыптағы мақаласында. Мақала авторының жазуынша, қоғамдағы азғындық телесериалдар, күнкөрістің қымбаттығы, ар-ұяттың жоғала бастауы болар. «Бірақ қалай айтсақ та, өзіміздің адам екендігімізді, тамыры тереңде жатқан тәлімі мол тәрбиенің қайнарынан қанып ішкен ұрпақтың жалғасы екендігімізді неге ұмыта береміз? Ата-баба дәстүрінің құнды жақтарын жанымызға жақын тұтып, санаға сіңіргенімізде ғана бәріміздің бейәдеп әдеттерге жоламайтынымыз анық. Бұл тұрғыда келіншектер мәселесіне кеңірек тоқталғанымыз - өмірдің өз жолын өнегемен ұштастыратын солар емес пе? Келіншектері мықты елдің еңсесі биік, тұрмысы түзу, келешегі кемел болады», - дейді автор.