Тәжірибе алмасу мақсатында Түркиялық студенттер Қазақстанға келді - TRT
Тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында Түркиялық студенттер Қазақстанға келді.
Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (ТИКА) Қазақстанда тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында түрік студенттерді қабылдады.
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінде «Жылыжай» жобасына үлес қосқан және ТИКА жүзеге асырған жобалармен танысқан студенттер бас қала Нұр-Сұлтандағы TRT Қазақстан өкілдігінде де болды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.
Аталған БАҚ-тың мәліметіне сүйенсек, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің жастарға арналған ең ауқымды жобасы «Тәжірибе алмасу» бағдарламасы аясында 12 студент пен бірге Азаматтық қоғам қауымдастықтардың қызметкерлері де Қазақстанға келді.
Айта кетейік, студенттер Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық түрік-қазақ университетінде тәжірибе алмасқан.
Қонақ студенттер сондай-ақ ТИКА-ның университетте өткен жылдары жүзеге асырған «Жылыжай» жобасының көгалдандыру және тазалық жұмыстарына да қатысты.
Сондай-ақ, бағдарламаға Түркияның әртүрлі университеттерінен қосылған студенттер мәдени қарым-қатынас аясында Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен аймақтағы тарихи және туристік орындарды аралаған.
Баян-Өлгийліктер палуан Серік Бердімұратұлының құрметіне той ұйымдастырмақ - Kaznews
Моңғолдың ұлттық күресінен 76 жылдан кейін «Улсын заан» яғни «мемлекеттік піл» дәрежелі палуан атанған Серік Бердімұратұлы Баян-Өлгий аймағына келді. Оны жанкүйерлері әуежайда және «Ікей батыр» атындағы орталық алаңда күтіп алды, деп хабарлады Kaznews ақпараттық порталы.
Айта кетейік, Серік Бердімұратұлы 13 шілде күні Ғұн империясының 2230, 2231 жылдығы, Моңғол империясы орнауының 815, 816 жылдығы, Ұлт азаттық қозғалысының 110, 111 жылдығы және Халық революциясының 100, 101 жылдығы Моңғолияның Ұлттық мерекесіне арналған күрестің 7 кезеңінде мемлекеттік заан Доржийн Анарды жығып, мемлекеттік «заан» яғни «мемлекеттік піл» дәрежелі палуан атағын иеленген.
Моңғолиялық БАҚ-тың мәліметінше, Бай-Өлке төрінде Серік Бердімұратұлының «Мемлекеттік піл» дәрежесін алуына орай және Т.Очирооның садақ атудан «Мемлекеттік мерген» атағын алуына байланысты арнайы той ұйымдастырылмақ.
Осыған байланысты палуан Серік Бердімұратұлы өзін қошеметпен қарсы алып жатқан халқына, той ұйымдастыру алқасына және де күтіп алуға келген палуандарға алғысын айтқан.
Ұйымдастырушылар алқасы палуандар сайысында бірінші орын иеленген палуанға 5 миллион төгрөг, ақындар айтысындағы жеңімпазға 3 миллион төгрөг тігіп отыр.
Көркем суреттей көрінетін Текестегі ғажайып егін алқабы жұртты таңғалдырды - «Халық газеті»
Тамыз және қыркүйек айлары - егін жинау маусымы. Көз алдыңызда осыдан бірнеше күн бұрын фотоға түсірілген Шыңжаңдағы Іле Қазақ автономиялы облысының Текес ауданындағы 660 гектардан асатын жоғары стандартты егін алқабы. Алқапқа жүгері, бидай, қант қызылшасы, майлы күнбағыс және басқа да дақылдар егілген. Көк жүзінен көз салсаңыз егістік алқаптары жерге майлы бояу жаққандай таңғажайып көрініспен көздің жауын алады, деп хабарлады Қытайдың «Халық газеті» ақпараттық порталы.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, соңғы жылдары Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты Текес ауданы егістік жерді реттеп, суды үнемдейтін тамшылатып суару инфрақұрылымын жаңадан құру арқылы өңделген жердің сапасын жақсартқан. Құрғақ жерлерді жоғары және тұрақты өнім беретін күріш егістігіне айналдырыпты. Бұл үздік жоба ауылды индустрияландыруды дамытып, фермерлердің көбірек табыс табуына мүмкіндік берген.
Моңғолияның Сыртқы істер министрі ҚР Елшісін қабылдады – Kaznews
Ұланбатырда Қазақстандық тараптың бастамасы бойынша Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев пен Моңғолияның Сыртқы істер министрі Батмөнхийн Батцэцэгтің екіжақты кездесуі өтті.
Бұл туралы осы аптада Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы хабарлаған болатын.
Аталған БАҚ-тың мәліметінше, кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастығының ағымдағы күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымын талқылады.
Атап айтқанда, алдағы кезеңге арналған екіжақты, оның ішінде Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30-жылдығы аясында атап өтілетін іс-шаралардың кестесіне қатысты пікір алмасқан.
Айта кету керек, кездесуге қатысушылар қазақ-моңғол серіктестігінің ілгері дамуы мен одан әрі нығаюы көп жағдайда екі ел арасында әртүрлі деңгейлерде орнатылған байланыстар мен жоспарлы өзара алмасулардың тығыздылығына байланысты екенін атап өтті.
Сонымен қатар, кездесу барысында екі елге ортақ қызығушылық тудыратын бірқатар нақты бағыттарды, атап айтқанда көліктік-логистикалық, телекоммуникациялық технологиялар, мал өнімдерін өңдеу және тау-кен өнеркәсібі салаларындағы, сондай-ақ екі елдің іскерлік қауымдастықтары мен бірлестіктері арасындағы ынтымақтастықты талқылаған.
Қытай-Азия-Еуропа ЭКСПО көрмесіҮрімшіде басталады - Kazakcnr
VII Қытай-Азия-Еуропа ЭКСПО көрмесі 19 қыркүйекте Шыңжаңның Үрімші қаласында басталады, деп хабарланды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталында.
Аталған БАҚ-тың келтірген деректерге сүйенсек, VII Қытай-Азия-Еуропа ЭКСПО көрмесі атқару көмитетінің хатшылар басқармасының мәліметінше, VII Қытай-Азия-Еуропа ЭКСПО көрмесі 2022 жылы қыркүйектің 19-нан 23-не дейін Үрімші қаласында өткізіледі.
Өзбекстанға жыл басынан бері Қазақстаннан 1,5 млн тонна бидай әкелінген - «ӨзА»
Өзбекстан азық-түлік өнімдерінің бір бөлігін көрші Қазақстаннан импорттауда.
Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2022 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстаннан импортталған азық-түлік өнімдерінің арасында ең көп бидай дақылы импортталған – 1,5 млн тонна, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.
Сондай-ақ Қазақстаннан 218,3 мың тонна бидай ұны мен 47,3 мың тонна арпа әкелінген. Өзбекстандық БАҚ-та басқа өнімдер сегментінде импортталған тауарлар мөлшері де жазылған.
Атап айтқанда, өсімдік майы – 45,9 мың тонна, жүгері – 33,6 мың тонна, маргарин өнімдері – 25,8 мың тонна, картоп – 23,5 мың тонна, сиыр еті – 9,1 мың тонна, сүт өнімдері – 3 мың тонна, кондитерлік өнімдер – 1,6 мың тонна.
Иран Есеп комитетінің басшысы өзінің қазақстандық әріптесімен кездесті - Parstoday
Иран Есеп комитетінің басшысы Мехрдад Базрпаш ЭЫҰ-ға мүше елдердің есеп комитеттері ассоциациясының тоғызыншы жиналысы аясында Қазақстанның Есеп комитеті басшысымен кездесті, деп хабарлайды Иранның Рarstoday ақпарат агенттігі.
Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Мехрдад Базрпаш осы кездесуде Қазақстанның Есеп комитеті басшысының қонақжайлылығына алғыс айтып, ЭЫҰ-ға мүше елдердің есеп комитеттерінің ассоциациясын үш жыл басқарғанына ризалық білдірген. Ол қазақстанды Иранның стратегиялық серіктесі деп атап, екіжақты ынтымақтастық деңгейін жоғарылату керегін айтты.
Мехрдад Базрпаштың пікірінше, Каспий теңізі мен ондағы қоршаған орта мәселелері – Иран мен Қазақстанның есеп комитеттерінің ортақ жұмысы ретінде назарға алатын тақырыптардың бірі.
ИИР Есеп комитетінің басшысы Қазақстаннан астық сатып алу туралы жуырда жасалған келісімге тоқталып, оны ауыл шаруашылығы өнімдерімен алмасу саласындағы алғашқы қадам деп атап, назардан тыс қалған әлеуеттерді пайдалануға шақырған.
Айта керу керек, осы кездесуде ЭЫҰ-ға мүше елдердің есеп комитеттерінің ассоциациясының тоғызыншы жиналысын басқарған Наталья Годунова Базрпаш пен ол бастап келген делегацияға қошемет көрсетіп, ирандық әріптесінің конструктивті ұсыныстарын қолдап, екі елдің есеп комитеттері арасында ортақ ынтымақтастық меморандумын қайта жаңартуды сұрады.
Ол Иранның «Ақпараттық технологиялар аудиті бойынша жұмыс тобын» құру туралы жобасына тоқталып, Қазақстанның осы жұмыс тобына қосылатынын ресми түрде жариялады.