«Қорқордың тазалығына ешкім кепілдік бере алмайды» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 4 сәуір, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Биыл Абылайдың үш жүз жылдығы, Төле бидің үш жүз елу жылдығы ойдағыдай өткізіледі деп үміт етіп жүрміз. Сондай ұлт мерекесінің бірі - Жидебай батыр­дың үш жүз жылдығы.

Бұл туралы «Егемен Қазақстен» газеті бүгінгі санында жазып отыр.

Басылымның атап өтуінше, Жидебай Қожаназарұлы (1713-1815) - қазақ халқының даңқты әрі аруақты батыры, әбжіл шешен, аса ірі шежіреші, қазақ жерін жоңғар шапқыншыларынан азат етуде теңдесі жоқ ерлік көрсеткен қол­басшы, аса көрнекті мемлекет қай­раткері, асқақ Абылайдың се­німд­і серігі, жауқарақ басы, пікірлес до­сы әрі биі. Абылайды ақ киізге отыр­ғызып, хан көтеруге қатысқан кісі.

Жидебай батыр Аңырақай шай­қасына, Қаншеңгел, Ақсүйек соғысына қатысып ерлік көрсеткен, Баян тауын, Ертіс маңын, Нұра бойын, Қарқаралы, Ұлытау, Ақмола, Балқашты азат еткенде - мыңбасы, Тарбағатай, Аягөз, Талдықорған, Құлжа, Алатау, Талғарды азат еткенде әскербасы болған. Талғар қаласы маңындағы Жидебай асуы, Абай қыстауындағы Жидебай қорығы осы батырдың атымен аталған.

Мақала авторы Мырзатай Жолдасбеков Жидебай батырдың өмір жолы мен жасаған ерліктерін жіпке тізгендей жаза келіп, «қасиетті жерімізге, қала-дала­мызға Петропавл, Павлодар деп қазаққа еш қатысы жоқ қайдағы аттарды қойып, әспеттей берудің енді еш жөні жоқ. Қазақты ел қылған, қазақ елі үшін, қасиетті жері үшін бүкіл өмірін арнап, жанын қиған ұлы тұлғалардың есімін ардақтауымыз керек. Сондай ерлеріміз Абылай ханның, Жидебай батырдың биыл үш жүз жылдығы. Аруақ үшін, қазақ үшін, келешек үшін мораторий дегенді, болмашы тағы бірдеңелерді сылтауратпай, бұл тойларды халық мерекесіне айналдырып, мемлекет атынан ұлы батырлардың есі­мін мәңгі есте сақтау шараларын бел­гілеген жөн. Сонда ел де, аруақ та риза болады», - деген ойын айтады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ресейдің үздік кәсіпкері» отандасымыз Серікбай Бисекеев қазақстандық студенттер мен бизнесті жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге дәріс оқыды. Бұл жөнінде «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында жазылған.

«Әлемдік бизнес кеңістігіндегі аса ірі де абыройлы «Эрнст энд Янг» консалтингтік компаниясы тағайындаған сапалық «В2В» номинациясы бойынша бас жүлдені иемденіп, орыс жеріндегі «Ресейдің ең үздік кәсіпкері» атағына ие болған Серікбай Бисекеевті Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы «Бизнеске жол көрсет» әлеуметтік жобасының аясында шақыртып отыр. Қазақстанның «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы қолдау көрсетіп отырған бұл жоба еліміздегі жас кәсіпкерлердің білігін арттырып, тәуекел жолында ақпараттық және басқа да заңдық қолдау көрсету ниетінен туындаған», - деп жазады басылым.

Үзіліссіз 3 сағатқа созылған «бизнес кеңесте» кәсіпкер Серік­бай Бисекеев өзінің өмір жолын, өзі туған Қостанай өлкесі мен кешегі кеңестік дәуір кезіндегі Қазақстанның жағдайын, одан кейін оқу-білім іздеп Ресей жері­не жасаған сапары мен Санкт-Петербург қаласында бас­талған бизнес қадамы, әлемдік эко­номикалық дағдарыс, қаржылық операциялар мен әріптестік байланыс орнату сырлары секілді қызықты тақырыптарда тұшымды әңгіме айтты.

- Жеке кәсібін бастағысы келетін адамда ішкі сенімділік мықты болуы керек. Еуропа мен Азияның кіндігінде орналасқан Қазақстандай елде, қазба байлығы мен шикізат көлемі жан басына шаққанда әлем бойынша екінші орын алатын мемлекетте тұрып кәсіпкерлікпен айналыспау, өз бизнесіңді жолға қоймау, шынында да, санаға сыймайтын селқостық деген болар едім, - дейді С.Бисекеев. Мақаланың толық нұсқасы «Ресейдің ең үздік кәсіпкері атанған қазақ жігіті дәріс оқыды» деген тақырыппен беріліп отыр.

Қазақ сөз өнері тарихының ежелгі замандардан қазіргі кезеңге дейінгі қалыптасу, даму жолында шығармашылығымен ұрпақтар дүниетанымын нұрландырған талай ойшыл-ғұлама тұлғалар тағылымы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. ХХ ғасырдың 70-90-жылдары мен қазіргі ХХІ ғасырдың басындағы қазақтың рухани құндылықтар қазынасын байытқан, сондай тұлғалардың бірі - Немат Келімбетов, деп жазады «Егемен Қазақстан» «Тағдыр талқысы және талант тегеуріні» атты мақаласында.

Басылымның атап өтуінше, Н. Келімбетов - қазақ және әлем халықтары әдебиеті мұраларын зерттеуші. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлеріндегі біздің заманымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықтағы сақтардың қаһармандық дастандарын («Алып Ер Тоңға», «Томирис» («Тұмар»), «Шу», т.б.), ғұндардың (б.з.б. ІІ ғасыр) батырлық жырларын («Оғыз қаған», «Аттила», «Көк бөрі», «Ергенекөн», т.б.) қазақ әдебиеттануы ғылымының тарихында тұңғыш рет арнайы қарастырды.

Мақалада Н. Келімбетовтің өмір жолы, қазақ халқына сіңірген еңбегі, ұрпақ тәрбиесінде айтқан өсиеттері жан-жақты талқыланған. Сөз соңында мақала авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов «уақыт талабына сәйкес ұстаз-ғалым Немат Келімбетов атындағы базалық ғылыми-зерттеу институт немесе арнайы орталық ашылса инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясатына үйлесімді серпін берер еді деп ойлаймыз. Осындай өнегелі адамдар ұлағаты оларды бағалайтын жаңа дәуір ұрпақтары арқылы дамытыла жалғасуы тиіс емес пе?!» деген ойын білдіреді.

***

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қорқордың пайдасы туралы ешқандай мәлімдеме жасамаған. Керісінше, ДДСҰ қорқорды бір рет тарту 100 рет темекі шегумен тең деп жазады. Ғаламтордан алынған, ғылыми негізі жоқ нәрсеге сенуге болмайды. Біз сарапшылар зерттеген, ғылыми дәлелденген нақты фактілерді қолданамыз. Ал қарсылық танытып жүрген жас жігіттер халықтың денсаулығынан ақша жасап жүр. Ең өкініштісі, оны елге жария қылуға да ұялмайды.

Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санында жазып отыр. «Қорқордың тазалығына ешкім кепілдік бере алмайды» деген тақырыппен біріліп отырған «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының жетекшісі Жәмила Садықовамен болған сұхбатта осы қорқордың адам денсаулығына қаншалықты зиян екені егжей-тегжейлі баяндалады.

Қазақстанда «Халықтық ІРО» бағдарламасы табысты басталды. Мұны тұңғыш басталған «ҚазТрансОйл» ІРО қатысушылардың саны, акция құнының өсуі және жақсы дивидент түсуді аңғартып отырған «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының 2012 жылдағы жағымды қаржылық нәтижелері дәлелдеп отыр, деп жазады «Айқын»басылымы «Халықтық ІРО» акционерлерге алғашқы табыс әкелді» деген мақаласында.

Газеттің жазуынша, бүгінге дейін «ҚазТрансОйл» компаниясының акцияларын ұстап отырған акционерлер бағаның өсуіне байланысты әрбір құнды қағаздан 100 теңге табыс тапты. Оның бағасы алғашқы тағайындалған 725 теңгеден 13 пайыздан астам өсті.

«Бұл табыстан басқа, инвесторлар дивиденттерін алады. Оның көлемі компания акционерлерінің жылдық жалпы жиынынан кейін - мамыр айында белгілі болмақ. Әзірге белгілі болғаны - акционерлерге берілетін 2012 жылдың дивидентіне таза пайда жиынтығының 40 пайызынан компания кем бермейтін болды. Ал ол былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 33,5 млрд теңгені құрады. Бұл 2011 жылға қарағанда 29,1 пайызға көп», - деп атап өтеді басылым.