Көрме өткеннен кейін «ЭКСПО-2017» алаңы қалай пайдаланылатын болады?

ПАРИЖ. 13 маусым. ҚазАқпарат - Парижде өткен Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 153-ші сессиясы барысында «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев көрмеден кейін «ЭКСПО-2017» алаңы қалай пайдаланылатындығы туралы өз ойымен бөлісті.

Оның айтуынша, аталмыш аумақ өмір сүрудің жаңа таза экологиялық үлгісіне, тұрғын орамдарында, ғылыми-зерттеу мекемелерінде, кеңсе ғимараттарында, сауда нүктелерінде, білім беру және мәдениет құрылымдарында тәулік бойы қарбалас болатын, «ешқашан қалғымайтын» ауданға айналмақ.

Алдын-ала идея бойынша, тұрғын және сауда аудандарымен қоршалған орталық бөлігінде мәдени кешендері мен ғылыми-технологиялық паркі бар аралас қолданыстағы даму аймағын құру жоспарланған. Дамудың мұндай үлгісі жастарға: студенттерге, жас ғалымдарға, кәсіпкерлер мен жас отбасыларға бағдарланатын болады. Ол еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі - Назарбаев Университетінің жанында орналасуымен ерекшеленеді.

«Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ басшысы атап өткендей, «ЭКСПО» көрме кешенінің «сыртқы айналасында» ғылыми-технологиялық парк жайғастырылады. Қазақстанның павильоны мәдени кешенге айналады. Университет кешені мен ғылыми-технологиялық парктің арасында жасыл желекпен көмкерілген кең аллея ашылса, оның жан-жағында бөлшек сауда дүкендері, сауда орталығы және спорт пен ойын-сауық саябағы орналасады.

Орынбор көшесінде құрылысы қолға алынатын тұрғын аудандар аймағы ЭКСПО көрме кешенінен шығысқа қарай кеңейтілетін болады.