Ол - елордадағы №76 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі. Жұбайымен, үш жасар қызымен келген Гүлжихан билетінің миллионыншы келуші ретінде өзін әйгілейтінін күтпеген екен.
«Көрмеге келушілерді дәл осылай нақты санап тұратынын білмеппін» дейді ризашылығын жасырмаған ұстаз. Осыдан кейін Гүлжиханға Көрменің медиаорталығына құрметті қонақ ретінде баруға тура келді. Осы жерде «ЭКСПО - 2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов миллионыншы қонақққа естелік сыйлықтар табыс етіп, Көрме мен дю Солей циркінің өнерін тамашалаға билеттер берді.
«Бүгінгі миллионыншы келуші Көрме үшін жақсы нәтиже. Біз, жалпы «ЭКСПО - 2017» көрмесінің жұмысы кезінде 2 миллиондай қонақ келеді деп жоспарлағанбыз. Міне, бір айдың өзінде миллионыншы құрметті қонақты қарсы алып отырмыз. Біз қазақстандықтардың осындай ауқымды жобаны жандарына жақын қабылдағанына қуаныштымыз» деді ол.
Айта кету керек, Көрменің тіркеу құжатында 2 миллион адам келеді, 5 миллиондай тамашалау рәсімі өтеді деп жоспарланған болатын. Шілденің 10 күнгі мәлімет бойынша халықаралық павильондарды қонақтардың тамашалауы 6 миллионға жуықтаған. Яғни бір адам бірнеше рет қайталап келіп көреді деген сөз. Өйткені аумағы үлкен Көрме қалашығын бір сәтте тамашалап шығу мүмкін емес. Осы кезең ішінде қалашықта 1031 мәдени ойын-сауық шаралары мен іскерлік кездесулер, мемлекет басшылары мен министрлер, халықаралық павильондар комиссарлары қатысуымен 84 Хаттамалық шаралар өткізілген.
Астанадағы Халықаралық ЭКСПО көрмесі қалыптасқан тіршілігіне көшкенімен, шын мәнінде қайнап жатқан қазан сияқты. Көрме қалашығына келушілер қатары арта түсуде. «ЭКСПО - 2017» АҚ баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша 10-шы маусым - 2-ші шілде аралығында Көрмеге 591 968 адам келген. Яғни орта есеппен күнделікті 31 104 адам тамашалаған екен.Қала қонақтары мен астаналықтарды, әсіресе «Нұр Әлем» сферасы қызықтыруда. Сондай-ақ басқа да тақырыптық павильондарға да келушілер көп. Қатысушы елдердің күндері тұрақты түрде өтіп жатыр.
Айта кетейік, «Нұр Әлем» павильоны - көрменiң орталық объектiсi. Оның диаметрi 80 метр, биiктiгi 100 метрдi құрайды. Қазақстан павильоны сфера пiшiнiндегi әлемдегi жалғыз ғимарат. Оның салмағы - 13 мың тонна. Әр әйнектiң салмағы 600-800 келiге дейiн жетедi. Аталған павильонда «Болашақ энергиясының музейi» орналасқан. Музейде Қазақстанмен таныстыратын аумақ пен негiзгi энергия көздерiн тамашалауға болады. «Нұр Әлемнiң» әр қабатында сан алуан тақырыптағы экспозициялар орын тепкен.
Атқарылып жатқан мәдени шараларда есеп жоқ. Мәселен, Жапондық 80 жастағы саяхатшы әйел Томийо Ямаду да жұртшылық ықыласын аударды. Ол «ЭКСПО -2017» халықаралық көрмесінің елшісі саналады. Бұл ол қатысқан жетінші көрме. «Мен Көрменің басты нысаны -«Нұр Әлем» сферасы болашақта музей болатынын, мұнда келген жас ұрпақ табиғат туралы және оны сақтаудың маңыздылығы туралы көптеген қызықты жайттарға куә болатынын екенін білемін» дейді Томийо Ямаду.