Көрнекті қаламгер Ақселеу Сейдімбек дүниеден озды

sp; АСТАНА. Қыркүйектің 16-сы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ мәдениеті мен ғылымы ауыр қазаға ұшырады. Халқымыздың көрнекті қаламгері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбек бүгін таңертең дүниеден озды. Отызға тарта көркем, ғылыми-көпшілік және монографиялық кітаптардың авторының жүрегі кенеттен соғуын тоқтатты.

             Ол  1942  жылғы  желтоқсанның  12-сі  күні   Қарағанды  облысы  Жаңаарқа  ауданындағы  Байдалы  би  ауылында  дүниеге  келді. Қазіргі  Қазақ   ұлттық  университетінің   журналистика  факультетін  бітірген  соң  «Жас Алаш»,  «Орталық  Қазақстан», «Егемен  Қазақстан»  газеттерінде   меншікті  тілші, жауапты  хатшы,  бөлім  меңгерушісі,  «Зерде»  журналы мен «Әлем» альманағында бас редактор болды. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында Қолжазба бөлімінің меңгерушісі, Ы.Алтынсарин атындағы білім проблемалары институтының директоры, Қазақ Білім академиясының тұңғыш призиденті, ҚР Призиденттік Мәдени орталығы директорының  ғылым жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Көз  жұмғанға  дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің професоры  болып  істеді.

           Ақселеу  Сланұлы  Сейдімбектің  ғылыми-шығармашылық еңбегінің  бедерлі тұстарын былайша атап өтуге болады: ол прозалық шығармалары арқылы ұлттық төлтумалықты айғақтауға елеулі үлес қосты; бұрын  жиналмаған да зертелмеген қазақтың қара өлеңдері мен күй аңыздарын алғаш рет рухани айналымға түсірді; Қазақстанда этнографиялық және этнологиялық ізденістердің жандануына ықпал етті; «көшпелілердің төлтума мәдениеті», «көшпелілер өркениеті» сияқты санаттық (категориялық) ұғымдардың айқындалуына және орнығуына тегеурінді үлес қосты; «қазақтың ауызша тарихы» деп айтуға әбден лайық шежірелік деректерді кең көлемде пайдалана отырып, тұңғыш рет қазақ халқының ру-тайпалық құрылымын толық қалпында саралап берді және дәстүрлі қазақ қоғамының мемлекет жасақтау үлгісіне, құқықтық жүйесіне, ішкі әлеуметтік-этникалық байланыстарына қатысты түбегейлі тың тұжырымдар жасап, оны тегеурінді дәлелдермен орнықтыра алды; алғаш рет қазақ эпостарының қара сөзбен насихатталуына мұрындық болды; алғаш рет Гомер туындыларын қазақ оқырманына таныстырды; әртүрлі пікір-бағаға қарамастан халық мұрасы ретінде қазақтың эротикалық фольклорын жинап, оның ғылыми басылымын алғаш рет жарыққа шығарды; Қазақстан тарихын жеке тұлғалар арқылы зерделеу идеясын ұсынып, оның нақтылы жүзеге асуына өзіндік үлес қоса білді; қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін тұғыр ете отырып, «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Толғау» («Ақтанбердінің толғауы») сияқты ұлт рухын көтеретін тамаша әндер шоғырын дүниеге келтірді; оның публицистикалық еңбектері қазақ журналистикасын жаңа деңгейге көтеруге  толымды  үлес  қосты.

       А. Сейдімбек Қазақстан Республикасы Ұлттық Кеңесінің, Қазақстан Республикасының Терминология және ономастика комиссиясының, Қазақтың Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы орталық кеңесі төралқасының, Ғылыми қызметкерлерді аттестациялау департаментінде зерттеу комиссиясының, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қоғамдық кеңесінің, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының, ПЕН-клубтың мүшесі.  Қарағанды облысындағы Жаңаарқа, Шет аудандарының құрметті азаматы.     

                        *          *           *

           "ҚазАқпарат"  анықтамасы:

        А.Сейдімбектің негізгі әдеби-көркем және ғылыми-зерттеу еңбектері: «Аққыз» (1991), «Күңгір-күңгір күмбездер» (1981), «Сонар» (1989), «Мың бір маржан» (1989), «Күй шежіре». Бірінші кітап (1992), «Күй шежіре». Екінші кітап (1997), «Балталы-бағаналы ел аман бол» (1993), «Көшпелілер тарихы» (1995), «Қазақ әлемі» (1997), «Елтұтқа» (2001), «Қазақтың күй өнері» (2002), «Қазақтың ауызша тарихы» (2008 бет). Мерзімді баспасөзде мыңға тарта мақалалары жарық көрген. Шығармалары оннан астам шетел тілдеріне аударылған