Қос ғасыр бұрын Оралдан ашылған Штраус дәріханасы жайлы не білеміз

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Назарбаев даңғылы 153-мекенжайында орналасқан тарихи ғимарат – шаһардағы мемлекет қорғауына алынған нысандардың бірі.

Фото: Ғайсағали Сейтақ /Kazinform

Алғашқы дәріхана қашан ашылған?

Ғимараттың бірінші қабаты мен жертөлесінде орын тепкен № 1 дәріхана басшысы Меруерт Бергеннің мәлім еткеніндей, Қазақстанда алғашқы дәріханалардың бірі осы Оралда ашылған. Сонымен қатар Қызылорда қаласында, Батыс Қазақстанда қазіргі Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында тұңғыш дәріхана іргесі қаланған деп айтылады. Бірақ мұның бәрін нақтылау қажет.

Қала тарихын зерттеген Борис Пышкин, Галина Гурьева, Вячеслав Иночкин, Николай Чесноковтардың мәліметіне қарағанда, Оралда дәріхана 1833-1834 жылы ашылған. Сонда сегіз жылдан кейін бұл датаға екі ғасыр толғалы отыр. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ /Kazinform

— Дәріхана тарихын нақтылау үшін облыстық мемлекеттік архивтен сұрастырдым. Ондағы қызметкерлер 1868 жылдан бергі құжаттар ғана сақталған деп жауап берді. Одан бұрынғылары қалада өрт болған кезде жанып кеткен. Енді Орынбор архивінен іздестірсек, тың деректің шығып қалуы ықтимал. Оралда бұл ғимараттан басқа тағы бір дәріхана болған, ол да сақталған. Қалай дегенде де, бұлардың тарихы тереңде екендігі анық, — дейді Меруерт Елеуқызы. 

Фото Меруерт Бергеннің жеке архивінен

Оралда жеке дәріхананың негізін швейцариялық фармацевт Франц Миллер қалаған болып есептеледі. Мәскеу, Саратов және Қазанда жұмыс жасағаннан кейін Миллер Оралға келген. 1835 жылы оның дәріхана ашу туралы ұсынысы жергілікті биліктен қолдау тапқан. Франц Миллер 1847 жылы өз дәріханасын Карл Десальға сатқан.

Оралда екінші дәріхананы Александр Штраус ашқан, ол Ф.Миллердің шақыртуымен келген. Шамамен 1868 жылы қазіргі осы тарихи ғимарат салынған. Оның бірінші қабатында дәріхана орналасса, екіншісінде Штраустың отбасы тұрған. 

Фото: Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы

1919 жылы ғимараттың екінші қабатында облыстық мемлекеттік бақылау бөлімі, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери госпиталь, ал 1944 жылдан бері № 1 балалар музыка мектебі (1977 жылдан № 3 музыка мектебі) тұрақтанды. Осында атақты әнші, КСРО халық әртісі Роза Жаманова 1945-1949 жылдары білім алған. 

Фото: Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы

— Ғимараттың бірінші қабаты мен жертөлесінде орналасқан дәріхана осыншама уақыт бойы халыққа қызмет етіп келеді. Ал № 3 музыка мектебі өткен жылы басқа орынға көшірілді. Қазір мемлекет меншігіндегі екінші қабат бос тұр. Жаңбыр жауса немесе қар ерісе, төбеден су кетеді. Өткен жылы тарихи нысанның қасбеті жөнделгенімен, ішкі жағы сол күйінде қалды. Осыны бір ретке келтірсе дейміз, — деді М.Берген.

Фото: Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы

Оралда қорғауды қажет ететін тарихи ғимараттар аз емес 

Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Нұрлан Кенжиннің нақтылауынша, № 1 дәріхана орналасқан аталмыш ғимарат жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш санатына енгізілген. 

Оның іргетасы тастан қаланған, шифері темірден, төбесі мен едені ағаштан жасалған. Ғимарат карниздермен, бірінші қабаттың терезелері сандриктермен безендірілген. Екінші қабаттың бұрыштық терезелері Дорий орденінің көптеген әшекейлері мен бағандарына бай. Сондай-ақ терезелерінің үстінде және астында өрнектер бар.

Фото: Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы

— Қазіргі таңда Орал қаласында 112 тарих және мәдениет ескерткіші мемлекет қорғауында тұр. Оның ішінде 8 нысан республикалық, 104 нысан жергілікті маңызы бар ескерткіш ретінде тіркелген. Бұдан бөлек, тарихи құндылығы болуы мүмкін ғимараттарды анықтау жұмыстары жалғасуда. Осы мақсатта алдын ала есепке алу тізімі түзілген. Бұған 131 нысан енгізілген. Олардың 121-і — қала құрылысы мен сәулет ескерткіштері, ал үш нысан арнайы комиссияның шешімімен кейін мемлекеттік қорғауға алынған, — дейді Нұрлан Серікұлы. 

Фото Нұрлан Кенжиннің жеке архивінен

Оның түсіндіруінше, заң бойынша алдын ала есепке алынған әрбір нысан тарихи-мәдени сараптамадан өтіп, үш жыл ішінде мемлекеттік тізімге енгізіледі немесе одан шығарылады. Бұл — тарихи мұраны сақтаудың бастапқы әрі маңызды кезеңі.

Оралдағы ең көне ғимараттардың бірі — 1740-1751 жылдары салынған Михаил Архангел соборы. Сонымен қатар 1823 жылғы наказной атаман үйі, 1864 жылғы бұрынғы орыс-қазақ мектебі, 1869 жылғы әскери шаруашылық басқармасының ғимараты және XIX ғасырдағы үлгі жобадағы қалалық усадьба да республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштер санатына кіреді.

Тарихи ғимараттардың ең көп шоғырланған аумағы Оралдың ескі бөлігінде, қала орталығынан Михаил Архангел соборына дейін созылып жатыр.

Фото: Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясынан

Инспекция мәліметі бойынша соңғы бес жылда мемлекет қаржысына жеті тарихи нысанға ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Олардың қатарында Ғабдолла Тоқай білім алған медресе, А.Островский атындағы облыстық орыс драма театры, бұрынғы қыздар гимназиясы, Емельян Пугачев музей-үйі, қазіргі облыс әкімдігі орналасқан коммерциялық банк ғимараты, әскери шаруашылық басқармасы және Карев көпесінің үйі бар.

2026 жылғы ғылыми-реставрациялық жұмыстар жоспарына Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыстық департаменті орналасқан екі қабатты тарихи ғимарат енгізілген.

Фото: Ғайсағали Сейтақ /Kazinform

Тарихи мұраны қорғау саласындағы басты мәселе — көптеген ескерткіштің тозуы. Ресми мәлімет бойынша ескерткіштердің 70 пайызы қанағаттанарлық, 30 пайызы жақсы жағдайда. Алайда бұл олардың барлығы толық сақталған деген сөз емес. Көптеген нысанға ағымдағы жөндеу немесе ғылыми-реставрациялық жұмыстар қажет. Соның айқын мысалы — Некрасов көшесіндегі Ванюшин көпесінің үйі. Мамандар ғимараттың шатырынан бастап инженерлік жүйелеріне дейін айтарлықтай тозғанын анықтаған. Қабырғалары мен қасбеті бүлініп, ішкі құрылымдары ескірген тарихи нысанға кешенді ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілмесе, оның жағдайы одан әрі күрделене түсуі мүмкін.

Соңғы отыз жыл ішінде Орал 11 тарихи-мәдени ескерткішінен айырылған. Олардың қатарында Иоанн Предтечи шіркеуі, «Орал» қонақ үйі, Орал казак әскері штабының ғимараты, XIX ғасырдағы бірнеше тұрғын үй және өзге де тарихи нысандар бар. Әрбір жоғалған ғимарат — сәулет өнерінің ғана емес, қаланың тарихи жадының жоғалған бір бөлігі. Өйткені тарихи ескерткішті қайта салуға болады, бірақ оның бастапқы тарихи құндылығын қайтару мүмкін емес.

Фото: Ғайсағали Сейтақ /Kazinform

Тағы бір назар аударатын жайт, тарихи ескерткіштердің басым бөлігі жекенің меншігінде. Бұл мемлекет үшін де, меншік иелері үшін де үлкен жауапкершілік жүктейді. Заң талаптары барлық меншік иесіне бірдей болғанымен, тарихи ғимараттарды ғылыми талапқа сай қалпына келтіру қомақты қаржыны қажет етеді. Көп жағдайда мұндай шығынды көтеру әркімнің қолынан келе бермейді. Бұған қоса тарихи құндылығы бар көптеген ғимарат әлі күнге дейін ресми ескерткіш мәртебесін алмағандықтан, оларды жоғалту қаупі сақталып отыр.

— Тарихи мұраны сақтаудағы тағы бір маңызды мәселе — қаржыландыру. 2025–2026 жылдары алдын ала есепке алынған нысандарға тарихи-мәдени сараптама жүргізуге бюджеттен қаржы бөлінбеді. Ал дәл осы сараптама жаңа нысандарды мемлекеттік қорғауға алудың басты шарты болып саналады. Соңғы жылдары Орал қаласының тарихи-архитектуралық тірек жоспары әзірленіп, тарихи ескерткіштердің қорғау аймақтарының шекарасы бекітілді. Бұл — қаланың тарихи келбетін сақтауға бағытталған маңызды қадам. Алайда тарихи мұраны сақтау тек заңмен немесе мемлекеттік бағдарламалармен ғана шектелмейді. Бұл — қоғамның тарихи санасына, меншік иелерінің жауапкершілігіне, ғылымның дамуына және мемлекеттің тұрақты қолдауына байланысты ортақ іс, — деп қосты Н.Кенжин.

Фото: Ғайсағали Сейтақ /Kazinform

Еске сала кетейік, бұдан бұрын соғыс жылдары Оралдағы мектептің әскери госпитальға айналғанын жазған едік.