Пандемия мен әлеуметтік желілер
Бүгінгі түлектер мектеп табалдырығын аттағанда Instagram жаңа қарқын алып, TikTok енді танымал бола бастаған еді. Уақыт өте бұл платформалар олардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Егер бұрынғы буын фотоальбом сақтаса, қазіргі түлектер естелікті reels пен stories арқылы жинайды. Соңғы қоңырау күнінде де мектеп ауласында телефон камерасы дамыл таппады. Бір жерде TikTok үшін тренд видео түсіріліп жатса, енді бір бұрышта сыныптастар ортақ селфи жасап әуре. Олар үшін эмоцияны бөлісу – табиғи нәрсе.
Бұл түлектердің бірнеше оқу жылы пандемия кезеңімен тұспа-тұс келген еді. Бос қалған сыныптар, экран арқылы өткен сабақтар, Zoom конференциялары әлі де көпшіліктің есінде. Онлайн оқу алғашында қиын болғанымен, қазіргі жастар тез бейімделді. Олар цифрлық платформаларды еркін қолдануды үйренді, қашықтан білім алудың мүмкіндігін көрді. Пандемия бұл буынға уақыттың, достықтың және шынайы кездесудің қадірін түсіндірді. Сондықтан бүгінгі соңғы қоңырау олар үшін ерекше эмоцияға толы. Себебі мектептегі қарапайым сәттердің өзі бір кездері қолжетпес болып көрінген еді.
Дегенмен бүгінгі жастарды тек әлеуметтік желімен байланыстырып қарау қате. Бұл буын ақпаратты жылдам қабылдайды, технологияны тез меңгереді және жаңа мүмкіндіктерге ашық. Қазіргі мектеп оқушыларының арасында видеомонтаж жасайтын, SMM жүргізетін, шағын бизнес бастап кеткен немесе нейрожелі көмегімен контент дайындайтын жастар көбейген.
Жасанды интеллект дәуіріндегі жастар
Мұғалімдер де жаңа буынның өзгергенін байқайды. Қазіргі жастар ақпаратты жаттаудан гөрі, оны жылдам тауып, саралап үйреніп жатыр. 2026 жылғы түлектер – жасанды интеллектіні күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде қабылдаған алғашқы буындардың бірі. Қазір оқушылар реферат іздеумен ғана шектелмейді. Олар нейрожелі арқылы презентация жасап, мәтін өңдеп, дизайн дайындайды. Сондықтан мектеп бағдарламасы мен оқыту тәсілі де біртіндеп өзгеруде. Қазақстан мектептеріне жасанды интеллектіні енгізу жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Бұл жүйе ең алдымен ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы айырмашылығын азайтуға бағытталған.
Түлектер қандай мамандық таңдайды
Бүгінде жастардың мамандыққа көзқарасы да өзгерген. Егер бұрын заңгер мен экономист болу бедел саналса, қазір ІТ, цифрлық технология, медиа және креатив индустриясына қызығушылық жоғары. Мектеп түлектері арасында бағдарламашы, графикалық дизайнер, SMM маманы, UX/UI дизайнер, контент-креатор болғысы келетіндер көп. Сонымен қатар, медицина, педагогика және инженерия саласына қызығушылық танытып жүрген жастар да аз емес.
Қазіргі буын мамандық таңдағанда тек тұрақты жалақыны емес, еркіндік пен шығармашылық мүмкіндікті де ескереді. Олар қашықтан жұмыс істеуге болатын, әлемнің кез келген нүктесінен табыс табуға мүмкіндік беретін кәсіптерге көбірек назар аударады.
Салыстырмалы түрде бұл буын ағылшын тілін де жақсы меңгерген. Осының арқасында халықаралық білім мен мансапқа даңғыл жол ашылды. Мәселен, SAT емтиханынан 1530 балл жинаған алматылық Мансұр-Сойор Досанов әлемдегі беделді жоғары оқу орындарының бірі — University of California, Berkeley университетіне математика және физика бағыты бойынша оқуға қабылданды. Мұндай мысалдар қазіргі түлектердің мүмкіндігі бұрынғыдан әлдеқайда кең екенін көрсетеді.
Соңғы қоңыраудың жаңа форматы
Биыл мектеп бітіру кештерін өткізу тәртібіне де ерекше назар аударылды. Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мейрамханаларда, дәмханаларда, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында қоштасу кешін өткізуге тыйым салды.
Аттестат табыстау рәсімдері тек мектеп қабырғасында ұйымдастырылуы керек. Ал дастарқан жаюға, көлік шеруін ұйымдастыруға, аниматорлар мен мерекелік агенттіктерді тартуға да шектеу қойылды. Мұғалімдер мен мектеп әкімшілігіне сыйлық алу үшін ата-аналардан ақша жинауға жол берілмейді.
Әлеуметтік теңдікті сақтау және оқушылар арасында артық бәсекеге жол бермеу үшін түлектерге мектеп үлгісіндегі бірыңғай киім киюді ұсынды. Министрлік мәліметінше, бұл шешімдер қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған.
Дегенмен барлық шектеулерге қарамастан, соңғы қоңыраудың әсері мен эмоциясы өзгерген жоқ. Мектеп аулалары түрлі шарлармен және естелік баннерлермен безендірілген. Әр сынып өз стилін көрсетуге тырысқан. Салтанатты жиында мектеп вальсі орындалып, түлектер мұғалімдерге алғыс айтты. Мектеп бітірушілер соңғы рет сыныптастарымен суретке түсіп, естелік ленталарына қолтаңба жазып жатты. Кей мектептерде болашақтағы өзіне арналған капсула хаттар дайындалса, енді бірінде соңғы қоңырау сәті дрон арқылы түсірілді.
Бүгінгі түлектер – цифрлық дәуірде өскен, өзгермелі әлемге бейімделген, жаңа технологиядан қорықпайтын буын. Дегенмен, заман қалай түрленсе де, мектеппен қоштасу сезімі өзгермейді. Бүл балалық шақпен, мектеп дәлізіндегі күлкімен, алғашқы достықпен және ұмытылмас естеліктермен қоштасатын сәт. Бір кездері бірінші сыныпқа қобалжып келген балалар енді үлкен өмірдің табалдырығында тұр. Алда мамандық таңдау, жаңа орта, жаңа жауапкершілікпен танысу күтіп тұр. Бірақ мектеп ауласындағы бүгінгі сәт олардың жадында ұзақ сақталары анық.