Көші-қон Астанадағы тұрғын үй мәселесіне қаншалықты әсер етуде?

АСТАНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат  - Жалпы әрқашанда ірі қалалардағы тұрғын үй мәселесі бірінші орында тұратыны мәлім. Бұнда тұрғын үйге деген сұранысқа ұсыныстың сай келмеуі немесе сол ұсынылған үйге жұртшылықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының сай болмауы секілді толып жатқан факторлар бұл мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік бермей отыр.

Әсіресе қала өмірінің тартымдылығына қызығып, жан-жақтан тұрғылықты жер іздеп ағылған адамдар осы проблеманы оңтайландыруға жол бермейтін сыңайлы. Бүгінде Қазақстанның елордасында қарқынды құрылыс жүріп жатса да, осы мәселеге тап болып отыр және осыған көші-қон айтарлықтай ықпал етуде. Мәселен, Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың айтуынша, жыл сайын елордаға тұрақты тұруға 40 мың адам келеді.  «Миграциялық құрамдаушы өте жоғары серпінге ие болып отыр. Әлемдік тәжірибеде ірі қалаларда тұрақты миграциялық өсім 2 пайыздан аспайды. Ал  жыл сайын елордаға тұрақты тұруға 40 мың адам келеді. Бұл қала халқының 6 пайызға жуық көрсеткішін құрайды. Шын мәнінде бұл Риддер және Лисаковск секілді шағын қалалардың халқымен тең», - деді әкім.  Егер де аталған 40 мың адамның құрылымына тоқталғанда, ол - 8 мың орташа статистикалық отбасын, сондай-ақ 16 мың ересек адамды, мектеп және мектепке дейінгі жастағы 16 мың баланы, тағы да шамамен 8 мың зейнет жасындағы адамдарды құрайды.

Өз кезегінде олардың әлеуметтік қажеттілігінің өлшемі 6 білім беру мектебін талап етеді. Бұл мектептердің құрылысына 10 млрд. теңге қажет болады. Бұдан бөлек, қажетті 32 балабақшаның құны 20 млрд. теңгені, әрқайсысы 1 мың жұмыс орнын қамтитын 16 кәсіпорын (16 мың ересек үшін), 400 мың шаршы метр тұрғын үй (оның құрылысына 66 млрд. теңге) қажет болмақ.

 «Осындай ахуалда тек миграциялық ауыртпалықтарға қаржылық түрде қала үшін жыл сайын 100 млрд. теңге жұмсалуы мүмкін. Бұл көрсеткіштер қарқынды өсіп келе жатқан елорданың қосымша жүктемесін көрсету үшін келтіріліп отыр», - дейді қала басшысы.

Демек, әлемдік тәжірибеде ірі қалаларда тұрақты миграциялық өсім 2 пайыздан аспайтын болса, елорда бұл көрсеткіш бойынша үш орап отыр, яғни 6 пайыз деңгейіне жеткен екен. Неліктен осылай болды екен? Мүмкін Астана біздің қоғамымызда көп жарнамаланып жүрген шығар? Арманын іске асыруға бел буған көпшілік іздегені қаладан табылады деп ойлайтын шығар?

Атап айтқанда, кез-келген қала, әсіресе астаналарды танымал етуге көп күш-жігер жұмсалатыны белгілі. Бұл тұрғыда елорда да ешкімнен кем қалып отырған жоқ. Қала әкімдігінің мәліметінше, интернеттегі іздеу кезінде 2001 жылы «Астана» деген сөз 400 мың рет байқалған екен. Ал 2011 жылы ғаламторда алты әріп символынан тұратын осы сөз 8 миллионнан астам мәрте қайталанған көрінеді. Бұндай танымдылық бірінші кезекте ауқымды саммиттер мен, конференциялардың, экономикалық форумдардың, Азиада секілді ірі спорттық шаралар мен мәдени және саяси кездесулердің нәтижесі. Әрине, осы оңтайлы имидж бәрінен бұрын инвестициялық тартымдылықтың көзі әрі осы арқылы қаланың дамуына тың серпін беруге болады. Бір ғана мысал. Мәселен, 2011 жылы Астанада өткен экономикалық және инвестициялық форумдардың барысында инвесторлармен елордадағы жобаларды жүзеге асыру үшін 11 құжатқа қол қойылған екен.

 Астанада тұрғын үй мәселесі қалай шешіліп жатыр ?

Астана жұртшылығынан келіп түсетін сауалдардың басым бөлігі тұрғын үй мәселесіне қатысты екен. «Қалалық сайтқа келіп түсетін сауалдардың 70 пайыздан астамы Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына, жалға берілетін тұрғын үй, үлестік құрылыс нысандарының тапсырылуы мәселесіне қатысты», - дейді елорда әкімі.

Қала басшысының айтуынша, осындай түйткілдер қазіргі күш-жігермен қаншалықты атқарылып жатса да, азаймай тұр. Бұған елорданың тұрғылықты жер ретінде тартымдылығы себеп болып отыр. Бүгінде әлеуметтік жағынан әлсіз топтар санаты бойынша коммуналдық тұрғын үй кезегінде 21 мыңнан астам адам тіркелді.

 «Жалпы үш жылда 4 млн. шаршы метрден астам тұрғын тапсырылды. Бұл 40 мыңнан астам пәтерді қамтиды. Алдағы 3 жылда түрлі құрылыс көздері арқылы біз 5 млн. шаршы метрге жуық тұрғын үйді пайдалануға береміз», - деді әкім.

Жалпы бүгін қала жұртшылығымен есеп беру кездесуінде елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов 2005-2007 және 2008-2010 жылдарға негізделген мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асырудың мән-жайын айтып берді.

«Бізде құрылыс бірнеше кестемен жүріп жатыр. Қалада 2005-2007 және 2008-2010 жылдарға негізделген екі мемлекеттік бағдарлама іске асырылуда. Бірінші мемлекеттік бағдарламаға тоқталатын болсақ, оның құрылысы құрылысшылардың немқұрайлылығынан созылып кетті. Қазіргі кезде олар сотталды. Құрылыс мәселесін шешу үшін қалаға қосымша бюджеттік және бюджеттік емес қаржы көздерін тартуға тура келді. Сонымен қатар, осы мәселе тұрғысындағы ұзақ соттық үдерістер жұмысқа кірісуге кедергі жасады. Енді екі нысанды ғана тапсыру қалды. Оларды біз биылдың бірінші тоқсанында пайдалануға бермекпіз» - деді әкім.

Екінші мемлекеттік бағдарламаға тоқталған қала басшысы, оның аясында жалпы ауданы 390 мың шаршы метр көлемімен 8 116 пәтер салынып жатқандығын жеткізді. 2011 жылы 156 мың шаршы метрдің 3 192 пәтері пайдалануға берілді. Қазіргі кезде 243 мың шаршы метрді құрайтын 4 974 пәтерді тапсыру қалды. Бұл пәтерлер биылдың шілдесінде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Демек, қала басшысының сөзінше, мемлекеттік бағдарлама аясындағы қордаланған мәселелер биыл өз шешімін табатын секілді.

Сонымен қатар, жалға берілетін тұрғын үй құрылысы маңызды бағыттардың бірі болып қала бермек.  «Тұрғын үй саясатындағы маңызды бағыттардың бірі арендалық тұрғын үйге қатысты. Үш жылдың ішінде осындай 3 мың пәтер пайдалануға берілді», - деп тоқталды әкім.

Бұдан бөлек, И. Тасмағамбетов үлестік құрылыс секторындағы проблемаларды шешуге елордаға мемлекет 107 млрд. теңге инвестиция бағыттағанын айта келе, «өткен 4 жылда Астанада 217 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталып, 40 мыңға жуық үлескер отбасының мәселесі шешілді. Атап айтқанда, 2008 жылы бұл проблема шешілмейді деп саналған еді», - деді.

Оның айтуынша, жақында 7 нысан проблемалық құрылыстардың қатарына енді. Енді 1 200 үлескердің мүддесін қорғау үшін олардың құрылысына қала кірісіп отыр. Қазіргі кезде бұл нысандардағы құрылыс белсенді жүріп жатыр және олар биылдың орта кезінде тапсырылмақ. Жалпы 2011 жылы 1 млн. 400 мың шаршы метр тұрғын пайдалануға берілді.

Айта кетейік, әкім «Тұрғынүйқұрылысжинақбанк» арқылы несилеу жүйесі бойынша тұрғын үймен қамтамасыз ету жалғасатынын айтты. Үш жылда бұл жүйе бойынша 1,5 мың пәтер салынады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үкіметке «Қол жетімді тұрғын үй-2020» бағларламасын әзірлеуді тапсырды. Осы бағдарлама аясындағы құрылыстарға әкімдік жер уаскелерін әзірлеп, инженерлік жүйемен қамтамасыз етуі тиіс. Бұл бағдарламаны белсенді түрде іске асыру биылдың ортасында басталады.

Енді жеке тұрғын үй құрылысы мәселесіне тоқталсақ. Себебі, соңғы кезде бұл мәселе қала маңынан үй салам деушілерді көп мазалап жүр. 27 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Назарбаев, пайдаланылмай жатқан жер телімдерін құрылыс салуға қауқарлы адамдарға беру қажеттігін айтты. «Қала маңында жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін бөлу тұрғысында проблемалар қордаланып қалды. Сонымен қатар, бөлінген көптеген жер учаскелері игерілмей қалып жатыр», - деді Мемлекет басшысы. Президенттің сөзіне қарағанда, жеке құрылысқа жер бөлудің қазіргі ережелері құрылыс жасаушының қаржылық мүмкіндігін ескермейді.

«Жерді алып, кейбірі оны пайдаланбайды. Егер пайдаланбаса жер телімін үй салуға қауқарлы басқа біреуге беру керек», - деп қадап айтты Н. Назарбаев. Мемлекет басшысының пікірінше, осы мәселені тек әкімдер ғана қадағалай алады.

Ал таяуда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Серік Ахметов жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жерлерге тексеру жүргізу керек екенін атап өтті. «Жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жерлерге тексеру жүргізу және жер телімдерін тек инфрақұрылымы болған кезде ғана беру керек. Сонымен қатар жеке азаматтардың тұрғын үй құрылысы үшін тегін жер алу құқығы мәселесін одан әрі сақтауды қарастыру қажет», - деді ол. Бұл ретте С.Ахметов елді мекендердегі тұрғын үй құрылысына бөлінген жерлерде орын алып отырған ахуалға ерекше назар аударды. Оның атап өтуінше, толық кварталдар салынғанмен олардағы баспаналардың тек 20 пайызында ғана адамдар тұрады. Ал қалған 80 пайызы су, электр энергиясы болмағандықтан пайдаланылмай жатыр. «Егер жер телімін берер болсақ, онда инфрақұрылымымен берейік немесе екі жылдың ішінде жерді игеру туралы мәселені төтесінен қояйық. Қала немесе аудан әкімі осы уақыт аралығында аталған учаскелерді инфрақұрылыммен қамтамасыз етсін. Осы жылдан бастап біз бұл мәселені қатаң бақылауға алатын боламыз», - деді С.Ахметов.

Мұнымен қоса жақында Астана әкімдігі жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін өтініш берген барлық азаматтарға бере алмайтынын мәлімдеді. «Бүгінгі таңда жер қатынастары басқармасында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін алуға өтініш берген азаматтардың саны 100 мыңнан асып жығылатындығын хабардар ете кетуім қажет. Бұл Астана қаласының Бас жоспарына сәйкес, 2030 жылға дейін бөлінеді деп жоспарланған жер учаскелерінің санынан 4 есе көп. Яғни, халықтың барлық сұранысын қанағаттандыру мүмкін болмайтындығы анық», - деп жазады өз блогында И. Тасмағамбетов.    Қала әкімі сөз арасында, қазіргі уақытта жеке құрылысқа арналған жер телімдерін үлестіру тоқтатылғандығын айтты. Себебі қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген дайын учаскелер жоқ.