Көшпенділер ойыны бүгінгі буынның ойлау жүйесін қалай қалыптастырады

ҚАРҚАРАЛЫ. KAZINFORM – Қарқаралыда Бейсенаевтар әулеті ежелгі интеллектуалдық ойынды өмірлік философияға айналдырған. Мұнда тоғызқұмалақ тек спорт қана емес, талай чемпионның жолын ашқан, мінез бен ойлау жүйесін қалыптастыратын отбасылық тәрбие мектебіне айналған.

Фото: Kazinform

Қарағанды облысында ондаған жылдар бойы ұлттық зияткерлік ойын – тоғызқұмалақты дамытуға ғұмырын арнаған бірегей әулет өмір сүріп келеді. Бұл – көшпенді өркениеттің тереңінен тамыр тартқан көне логикалық ойын, оны көбіне «дала математикасы» деп атайды. Ол дәл есептеуді, терең стратегияны және бірнеше жүрісті алдын ала болжай білуді талап етеді. Зерттеушілердің пайымынша, оның тарихы төрт мың жылға дейін созылады.

Фото: Бейсенаевтар әулетінің жеке архивінен

Бейсенаевтар отбасында бұл ойын ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани және зияткерлік дәстүрге айналған. Әулет отағасы Бүркіт Бейсенаевтың айтуынша, балалар тоғызқұмалақпен өте ерте жастан, шамамен төрт жасынан бастап танысады.

Жаттықтырушының жары Светлана Бейсенаева бастапқыда тек сырттай бақылаушы болғанын, кейін бұл ойынның отбасылық өмірдің ажырамас бөлігіне айналып кеткенін айтады.

Фото: Бейсенаевтар әулетінің жеке архивінен

– Үйде үнемі тоғызқұмалақ ойналған кезде шеткері қалу мүмкін емес. Біртіндеп өзім де үйреніп кеттім. Кейде ойындарымыз аса қызу өтіп, дауға ұласып жатады. Бірақ бұл – біздің үйдің жылуы мен дәстүрі, – дейді ол.

Айта кетерлігі, тоғызқұмалақ – әр ойыншыда 9 отау болатын, барлығы 162 таспен ойналатын ерекше есептік ойын. Екі қарсылас өз қазынасын арттыру үшін әр жүрісті алдын ала математикалық дәлдікпен есептейді. Сондықтан бұл ойынды жиі «дала шахматы» деп атайды.

Әулет ішінде тіпті өзіндік ішкі рейтинг жүйесі қалыптасқан. Сол көшбасшылардың бірі – Айгүл Бейсенаева, облыстық және республикалық деңгейдегі бірнеше дүркін чемпион.

Фото: Бейсенаевтар әулетінің жеке архивінен

– Тоғызқұмалақ мені еліміздің талай өңіріне жетеледі. Түрлі жарыстарға қатысып, үлкен тәжірибе жинадым. Қазір әлеуметтік салада еңбек етсем де, жарыстардан қол үзген емеспін, – дейді ол.

Әулеттің үлкен ұлы Думан Бейсенаев та бала кезінен осы ойынмен өскен. Бүгінде ол спорттың басқа түрлерінде де жетістікке жетіп, халықаралық марафондар мен шаңғы жарыстарының жеңімпазы атанған. Дегенмен оның пікірінше, дәл осы тоғызқұмалақ оның ойлау қабілетін қалыптастырған негізгі мектеп болды.

Фото: Бейсенаевтар әулетінің жеке архивінен

– Тоғызқұмалақ маған сабырды, есепті және тәртіпті үйретті. Бұл жай ойын емес, ойды шыңдайтын рухани жаттығу, – дейді ол.

Әулет басшысы Бүркіт Бейсенаев Қарқаралыда ондаған жылдар бойы балаларды ұлттық ойынға баулып келеді. Ол ашқан үйірмеде отызға жуық оқушы аптасына бірнеше рет бас қосып, стратегиялық ойлау мен логикалық қабілеттерін дамытады.

Жаттықтырушы балалық шағын еске алып, ойынға деген қызығушылықтың қандай қарапайым жағдайда басталғанын тебірене жеткізеді.

Фото: Бейсенаевтар әулетінің жеке архивінен
Фото: Бейсенаевтар әулетінің жеке архивінен

– Бізде ол кезде арнайы тақта да бола бермейтін. Жерге сызып ойнайтынбыз, ал тас орнына қолымызға түскеннің бәрін пайдаландық. Кейде тіпті кәмпиттерді де қолданатынбыз. Таң атқанша ойнаған кездеріміз болатын, – дейді ол.

Қырық жылдық еңбектің нәтижесінде ол ондаған дарынды шәкірт тәрбиелеп, олардың он бірі Қазақстан чемпионы атанған.

Оқушысы Сұлтан Панченко тоғызқұмалақтың оның ойлау қабілетіне тікелей әсер еткенін айтады.

Фото: Бейсенаевтар әулетінің жеке архивінен

– Бұрын математика қиын болатын. Кейін осы ойын арқылы тез есептеуді, талдауды үйрендім, – дейді ол.

Тоғызқұмалақ – әлемдегі ең көне зияткерлік ойындардың бірі. Оны көбіне шахмат пен нардымен салыстырғанымен, оның басты ерекшелігі – терең математикалық құрылымында. Қарқаралы өңірінде дәл осы Бүркіт Бейсенаев бұл дәстүрді қайта жаңғыртып, оны заманауи білім беру жүйесіне енгізген тұлғалардың бірі болды.

Фото: Kazinform

1989 жылы ол Қазақстан чемпионы атанып, Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын иеленді. Бүгінде оның ең үлкен жетістігі – марапаттар емес, ұлттық ойын арқылы бірнеше буынды біріктірген тұтас рухани мектептің қалыптасуы.