Көшпенділер табиғатпен тайталаспай, қалай тіл табыса білді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгінгі әлем климат өзгерісі, су тапшылығы, жердің тозуы сияқты күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Ал адамзат тарихында табиғатпен соғыспай, онымен үндесіп өмір сүрген өркениеттер де болды. Солардың бірі – көшпелі өркениет. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Берекет Кәрібаев көшпенділердің табиғат ресурстарын қалай тиімді пайдаланғаны туралы айтып берді.

Фото: Kazinform / ЖИ

Екі өркениет: отырықшылық пен көшпелі өмір

Тарихшылардың айтуынша, адамзат тарихындағы алғашқы ірі өркениеттердің екеуі — отырықшы және көшпелі өркениеттер.

Профессор Берекет Кәрібаевтың сөзінше, алғашқы адамдардың өмірінде бұл екі бағыт қатар дамыған.

— Қазіргі кезде дүниежүзілік тарихшылар екі алғашқы өркениет туралы айтады. Отырықшылық және көшпелі. Әрине, кезінде алғашқы адамдардың тіршілігінде екеуі бір мезгілде, қатар қалыптасты, — дейді ғалым.

Фото: Мейірман Лес / Kazinform

Қазақстан аумағында б. з. д. XVI–XV ғасырларда көшпелі өмір салтының алғашқы белгілері қалыптаса бастады. Мал саны көбейіп, адамдар жаңа жайылым іздеуге мәжбүр болды. Осылайша, тарихтағы алғашқы ірі қоғамдық еңбек бөлінісі дүниеге келді: бір бөлігі егіншілікпен айналысса, енді бірі мал шаруашылығына бейімделді.

Мал — байлық қана емес, табиғатпен тепе-теңдіктің өлшемі

Көшпенділер үшін мал тек тіршілік көзі емес, табиғатты түсінудің де өлшемі болды. Қазақ даласында ауа райына, жер бедеріне қарай шаруашылықтың бірнеше түрі қалыптасты.

Мәселен, Маңғыстау мен Арал маңында таза көшпелі мал шаруашылығы дамыса, өзге өңірлерде жартылай көшпелі, жартылай отырықшы немесе отырықшы мал бағу жүйесі орнықты.

— Таза көшпелі мал шаруашылығы дегеніміз –мал бағушы тайпалар, рулар өзіне керек өнімді 100% малдан алады. Малдың еті, сүті, терісі, жүні, — дейді тарихшы.

Ал жартылай көшпелі өмірде малы аз адамдар егін егіп, бау-бақша өсірген. Бұл табиғи жағдайға бейімделудің көрінісі еді.

Академиктің айтуына қарағанда, көшпенділер табиғатты шексіз ресурс деп қарамаған. Керісінше, жердің, судың, шөптің қадірін терең түсінген.

— Ғасырлар бойы дала тұрғындары табиғатпен етене байланыста өмір сүрді. Жайылымды тоздырмау үшін бір жерде ұзақ тұрақтамаған. Қыстау, көктеу, жайлау, күзеу арасындағы маусымдық көшу –табиғатты сақтаудың да жолы болды, — дейді Берекет Кәрібаев.

Тарихшы мұны көшпенділер өміріндегі «дисперсиялық заңдылық» деп атайды, яғни халықтың кең далаға шашырай орналасуы жерге түсетін салмақты азайтқан.

Байлық мал санымен емес, табиғатты танумен өлшенді

Көшпенді қоғамда табиғаттың мінезін білетін адам ғана шын мәнінде бай бола алған.

— Малының санын ғана білетін, бірақ оның қыр-сырын білмейтін адам бай бола алмайды. Қазақтар қай жерде тебіндеуге болатынын, қар астындағы шөп қанша уақытқа жететінін, қай маусымда қай өңірге көшу керегін дәл білген. Көктемде төлдейтін малдың жағдайы, жаздағы шыбын-шіркей, күздегі шөп қоры — бәрі есепке алынған, — дейді ғалым.

Кәрібаевтың айтуынша, Абайдың

«Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,

Ықтырмамен күзеуде отырар бай» деген жолдары да — жайылымды ұқыпты пайдаланудың көрінісі.

Фото: Kazinform / ЖИ

«Құралайдың салқыны» мен «Бесқонақ»

Қазақ халқы ауа райының әр құбылысын бақылап, оған атау берген. «Құралайдың салқыны», «Бесқонақ» сияқты ұғымдар — соның дәлелі.

«Құралайдың салқыны» — киік төлдейтін кезеңмен тұспа-тұс келетін көктемгі суық. Ал «Бесқонақ» кезінде күн күрт бұзылып, қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін.

Осындай кезде қазақтар алыс сапарға шықпаған, жаңа туған төлді өріске жібермеген.

–Табиғаттың сырын білмей, малыңды өріске шығарып қойсаң, мал далада төлдеп, суыққа шыдамай, өліп қалуы мүмкін, — дейді тарихшы.

Табиғатпен үйлесім бұзылса, жұт келеді

Көшпенділер табиғаттағы тепе-теңдік бұзылса, оның арты апатқа соғатынын жақсы түсінген.

— Табиғатпен үйлесім бұзылса, белгілі бір жерде малдың саны көбейіп кетсе, арты міндетті түрде жұтқа алып келуі мүмкін, — дейді Берекет Кәрібаев.

Қазақтар 12-13 жыл сайын қайталанатын табиғи циклдерді бақылаған. Қатты қыстар мен жұттарды «қоян жылы» деп атаған. Табиғаттың заңдылығын білетіндер ғана малын аман сақтап қалған.

Кеңес дәуірі және табиғатқа қарсы күрес

Ғалым кеңестік кезеңде адамзаттың табиғаттан өзін жоғары қоюы ауыр салдарға әкелгенін айтады.

— Ғылым мен техниканың арқасында біз табиғаттан күштіміз, жерді бағындырамыз деп кірістік. Салдары қандай болды? Сырдария мен Әмудария тартыла бастады, Аралды құрбандыққа шалды, — дейді тарихшы.

Табиғатты бағындыру идеясы ақыры экологиялық апаттарға ұласты. Ал көшпенділер болса, табиғатты бағындыруға емес, онымен тіл табысуға ұмтылған.

Қазақ дүниетанымында табиғаттағы әрбір нәрсе киелі саналған.

— Көшпенділер табиғат ресурсының шексіз емес екенін түсінген. «Судың да сұрауы бар» деген сөздің астарында да осы ой жатыр, — дейді ғалым.

Су, жер, шөп, тау — бәрі тіршіліктің аманаты ретінде қабылданған. Сондықтан табиғатқа қатысты жүздеген мақал-мәтел, тыйым сөздер қалыптасты.

Еске салайық, бұған дейін көшпенділер жауды қалай алдын ала білгені жөнінде жазғанбыз.