Көшпенділер жауды қалай алдын ала білген

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Кез келген мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Тарихта әрбір билеуші қарсыласының жоспары мен әскери әлеуетін алдын ала білуге тырысқан. Осы мақсатта арнайы барлау жүйелері құрылып, тыңшылар мен шолғыншылар қызметі дамыды.

Коллаж: Kazinform

Тарих ғылымдарының кандидаты, Арман Жұмаділдің айтуынша, түркілер мен моңғолдардың әскери жетістігінің басты себептерінің бірі – дәл осы мықты барлау жүйесі болған.

Барлау – соғыстың тағдырын шешкен құрал

Тарихшының сөзінше, ежелгі мемлекеттерде барлау тек қосымша құрал емес, тұтас әскери жүйенің өзегі саналған. Өйткені жиналған мәлімет болашақ шешімдердің бәріне әсер етті.

– Кез келген мемлекеттің ең маңызды міндеті – өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан әр билеуші қарсыласының жоспары, әскери күші, қару-жарағы туралы ақпарат жинауға ерекше мән берді. Арнайы барлау қызметтері соғыс тағдырын шешетін мәліметтерді жеткізіп отырды.

Барлау әскери операцияларды әлдеқайда тиімді жүргізуге мүмкіндік берді. Жиналған деректердің негізінде соғыс ашу, одақтас іздеу немесе бейбіт келісім жасау туралы шешімдер қабылданды. Сондықтан барлау әр елдің әскери жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды», – дейді Арман Жұмаділ.

Шыңғыс хан әскеріндегі «жұртшылар»

Ғалымның айтуынша, Шыңғыс хан әскерінде барлау ісі ерекше дамыған. Бұл қызметпен арнайы «жұртшы» аталған адамдар айналысқан.

– Шыңғыс ханның әскери жүйесінде барлау жұмыстарын жүргізетін арнайы «жұртшылар» болды. Олар тыңшылар мен барлаушылардың қызметіне жауап берді. Моңғол әскери өнерінің ең күшті тұстарының бірі де осы еді.

Арнайы барлау бөлімшелері жорықтағы әскердің алдында жүріп, жол бойындағы суаттардың, отынның жағдайын анықтап отырған. Сонымен бірге алдағы ұрыс өтетін жердің бедерін түгел зерттеп, соған қарай соғыс тактикасын жасаған, яғни шайқас басталмай тұрып, оның жоспары барлау мәліметтері арқылы дайындалды, - дейді тарихшы.

Тұтқындар, қашқындар және жергілікті халықтан жиналған мәлімет

Соғыс кезінде барлау тек шолғыншылықпен шектелмеген. Қажетті ақпарат түрлі жолмен алынған.

Арман Жұмаділдің айтуына қарағанда, соғыс кезінде барлау мәліметтерінің рөлі одан әрі артты. Ақпарат қолға түскен тұтқындардан, қашқындардан, жергілікті тұрғындардан жиналды. Кей жағдайда жау тыңшылары ұсталып, олардан жауап алынған.

– Сонымен бірге шайқас үстінде қарсыластың әлсіз тұстарын анықтау үшін жау шебінің сыртына шабуыл жасайтын «ұрыспен барлау» тәсілдері қолданылды», - дейді Арман Жұмаділ.

Төрт тарапқа жіберілген шолғыншылар

Моңғол әскері жорық кезінде барлық бағытты тұрақты бақылауда ұстаған. Әскердің алдында бірнеше деңгейлі бақылау жүйесі жүрген.

–Моңғол әскери жүйесінде жорық кезінде төрт тарапқа тұрақты түрде барлау бөлімшелері жіберіліп отырған. Олар өз кезегінде алдарына шолғыншыларды аттандырған. Ал шолғыншылар бірнеше тұрақты күзет бекеттерін орналастырып отырған.

Көп жағдайда екі әскердің алғашқы қақтығысы негізгі күштер арасында емес, дәл осы барлаушылар арасында басталатын. Солар жеткізген мәлімет арқылы қарсыластардың күш арақатынасы анықталып, соғыс әдісі таңдалды, - дейді ғалым.

Наймандармен шайқас алдындағы бақылау

Тарихшы Шыңғыс ханның Найман мемлекетімен шайқасы алдында жүргізілген бақылауды да мысалға келтірді.

–Шыңғыс хан Наймандармен шайқас алдында биік жерлерге атты әскер шығарып, төрт бағыттың бәрін бақылауға алған. Найман әскері жақындағаны туралы хабар жеткеннен кейін ғана негізгі әскер қозғалысқа түсіп, ұрыс позицияларын иелене бастаған, - дейді Арман Жұмаділ.

Сүбедай мен Жебенің жорықтары

Ғалымның айтуынша, мұндай тактика Шыңғыс ханның көптеген жорығында қолданылған.

– Қытайдағы әйгілі Хюнегень Дабаан шайқасында Шыңғыс хан жау қозғалысын бақылау үшін әскерді екі отрядқа бөлген. Ал меркіттерге қарсы жорық кезінде Сүбедай баһадүр Әлича мен жүз сарбазды қарсы жақтың позициясын бақылауға арнайы жіберген.

Орта Азия жорығында да алда мың атты әскер жүріп отырған. Олар қарсыластың бағытын тексеріп, аумақты жедел барлау жұмыстарын жүргізді. Түркі және моңғол әскерінде мұндай тактикалық барлау тұрақты түрде қолданылды. Бұл тосын шабуыл мен жау тұзағына түсіп қалмаудың негізгі жолы болды, - дейді ол.

Түркі тыңшылары саудагер мен дәруіш кейпіне енген

Арман Жұмаділдің сөзінше, түркі мемлекеттері де қарсылас елдерге тыңшыларын түрлі бейнемен жіберген.

–Түркілер басқа елге жорыққа шығар алдында міндетті түрде барлау мәліметтерін жинаған. Ол үшін қарсылас мемлекетке тыңшылар – «джасус» және арнайы жасақтар – «тали’а» жіберілді.

Олар сауда керуендеріне ілесіп, кейде дәруіш, сопы немесе қарапайым саудагер бейнесіне енген. Осылайша, қарсы жақтың ішкі жағдайын, әскери мүмкіндігін, халықтың қарсылығын зерттеген, - дейді тарихшы.

Ғалым түркі-моңғол әскерлері жорық алдында тек әскери күшті емес, елдің жалпы жағдайын зерттегенін айтады.

–Түркілер мен моңғолдар жорық алдында терең барлау жүргізді. Олар жергілікті билеушілердің әскери мүмкіндігін, халықтың қарсыласу қабілетін зерттейтін арнайы жасақтар жіберді. Жолдарды, бекіністерді, жер бедерін және бай қалаларды анықтады.

«Грузин шежіресінде» Шыңғыс ханның Жебе мен Сүбедей корпусына Хорасан мен Ирак жерлерін алдын ала барлауды тапсырғаны жазылады. Иранның солтүстігіндегі Рей қаласынан келген саудагердің хатында татар жасақтарының Нусайбин, Хабур, Эрбиль және Дакук қалаларына шабуыл үшін емес, барлау үшін барғаны айтылады.

Хатта: «Моңғолдар тек оларға қарсы тұра алатын біреу бар ма, жоқ па, соны білгісі келді. Қайтып оралғаннан кейін олар патшасына бұл аймақта қорғаушылар жоқ екенін хабарлад» делінген», - дейді Арман Жұмаділ.

Еске салайық, бұған дейін көшпенділер соғыстың алдын алу үшін қандай жоралғылар жасағаны жайлы жазғанбыз. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы «Қазақстан тарихы» кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Еділ Ноянов көшпенділер дипломатиясының ерекшеліктерін түсіндіріп, оның отырықшы елдер тәжірибесінен түбегейлі айырмашылығы бар екенін айтып берген еді.