Қостанай облысында шетелдік инвестиция үш жылда 1,5 млрд долларды құрады

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында электр энергиясын өндіру 10 есе артады. Бұл туралы өңір әкімі Құмар Ақсақалов мәлім етті.

— Биыл негізгі капиталға 781 млрд теңге инвестиция тартылады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге артық (492,1 млрд теңге). Ал тікелей шетелдік инвестициялардың сомасы соңғы 3 жылда шамамен 1,5 млрд АҚШ долларын құрады, — деді Қ. Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, өңірді тұрақты және сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін жаңартылатын энергия көздерінің 6 жобасы іске асырылып жатыр.

— Қазіргі уақытта облыс электр энергиясын өндіргеннен 4 есе көп тұтынады.
Өңірде 2 жел электр станциясы болды, ал жақында тағы 2 баламалы энергия көзі іске қосылды. Бұл тұрғыда Арқалық қаласындағы жел электр станциясы, және Б. Майлин ауданындағы күн электр станциясы құрылды. Сонымен қатар, Б. Майлин ауданында газ поршенді электр станциясының (14,3 млрд теңге, 40 МВт) және Қостанай ауданында 2 жел электр станциясының (жалпы құны 38,7 млрд теңге, 100 МВт) құрылысы жалғасып жатыр. Сондай-ақ, биыл қазан айында Рудный қаласында жалпы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын (165 жел генераторы, 468,0 млрд теңге) салу туралы Меморандумға қол қойылды. Осы объектілерді пайдалануға беру облыстың өз электр энергиясын өндіруді 10 есеге арттырады (0,12 ГВт-тан 1,2 ГВт-қа дейін), — деді облыс әкімі.

Бұған дейін хабарланғандай, Қостанай облысы экономикасының барлық саласында оң серпін бар.