Қостанай облысында бітік шыққан астықты сақтаумен қиындықтар туындамайды - әкім орынбасары

ТАНА. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қостанай облысы биыл астықтың 8 млн. тоннаға жуық рекордтық көлемін жинауды жоспарлап отыр.

Бұл туралы бүгін Астана қаласында өтіп жатқан Қостанай өңірі кәсіпкерлерінің ауыл шаруашылық жәрмеңкесінде журналистерге берген сұхбатында облыс әкімінің орынбасары Нұралы Сәдуақасов мәлім етті.

«Биылғы жылға қатысты айтатын болсақ, әр облыс Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өзіндік жәрдемін қосуға ынталанып жатыр. Оған Қостанай облысының да, әсіресе азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қосып жатқан үлесі сүбелі екендігін мақтан етеміз. Биыл Қостанай облысында және жалпы Қазақстанда астық бітік шықты. Бүгінгі күнге дейін 7 млн. тонна астықты жинап алдық, 12 пайызы әлі де қалып отыр. Ауа райы қолайлы болып жатса, тағы 1 млн. тоннасын жинап, тарихта бұрын-соңды болмаған көрсеткіш - 8 млн. тоннаға жетуді жоспарлап отырмыз», - деді Н.Сәдуақасов.

2011 жылға Қостанай облысына бөлінген квота көлемі 1 млн. 600 мың тоннаны құрады. Астықтың әр тоннасы үшін 25 мың теңге баға белгіленді.

Облыс басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, астықтың бұрын-соңды болмаған мол көлемін сақтаумен проблема туындамайды. Себебі қазір өңірде 4 млн. тонна астықты сақтауға мүмкіндік беретін элеваторлар бар, 2 млн. тоннасын кәсіпорындар өздерінде пайдаланса, 1 млн. тоннаның мәселесі шешілу үстінде. «Қиыншылықтар болады, бірақ оның бәрі шешілетін сұрақтар», - деп атап өтті Н.Сәдуақасов.

Н.Сәдуақасовтың айтуынша, бүгінгі күні облыстың көкөніс шаруашылықтары да жұмыстарын аяқтау үстінде. «Қырыққабат пен күнбағыстарды алғашқы суықтарда жинап алу ғана қалды», - дейді ол.

«Онымен бірге, мемлекет аграрлық шаруашылықтарға үлкен көмегін көрсетіп жатыр. Қостанай облысы үшін жеңілдетілген бағамен 75 мың тонна дизель отыны бөлінді. Тасымалдау көлемінің артуына байланысты қазір қосымша 10 тонна дизель отынын алу мәселесі қарастырылып жатыр. Егер былтыр 3,5 млн. тонна астық жинасақ, биыл оның көлемі айтып өткенімдей 7,5 млн. тонна болмақ», - деп түйіндеді ол.