Қостанай облысы мамандандырылған ауданаралық сотында полицейді өлтірген Тобыл қаласының 28 жастағы тұрғынына қатысты сот отырысы басталды. Айыпталушының бұрын да сотталғаны белгілі болды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлімі бойынша айыпталып отыр.
Сот отырысы онлайн режимде өтті. Айыпталушы сот залына жеткізілмеген. Алғашқы сот отырысында куәгерлерден жауап алынды. Осы іс бойынша кезекті отырыс 2 маусымға белгіленді.
Айта кетейік, полиция сержанты Дархан Базарбаев 19 қаңтарға қараған түні қызметтік борышын атқару үстінде қаскөйдің қолынан мерт болған еді. Өз отбасын қырып-жоймақ болып қоқаң-лоқы көрсеткен 28 жастағы Тобыл қаласының тұрғыны шақыртумен барған Дарханға пышақ салған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем сержантты құтқарып қала алмады.
Еске сала кетсек, қаңтар айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қызметтік борышын атқару барысында ерлік пен жанқиярлық көрсеткен Дархан Базарбаев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.