Қостанайда 100-ден астам үй жануары тері ауруына ұшырады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында 115 үй жануары терінің паразитарлық түріндегі зақымдануына ұшырады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берікжан Қайыпбайға сілтеме жасап.

Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппарат кеңесінде ветеринария саласының мәселелері қаралды. Жалпы, өңірде 2016 жылдан бері бруцеллезге шалдыққан қара малдың саны азайған.

«Өңірде ауыл шаруашылығындағы жетістіктердің дені қай уақытта да эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығына байланысты. 2015 жылы өңірдегі үй жануарларларының 0,87% бруцеллез жұқтырса, өткен жылы оның деңгейі 0,59% дейін төмендеген. Әулиекөл ауданында соңғы екі жыл ішінде ахуалы нашар 12 мекен сауықтырылса, өткен жылы аталмыш аймақтарда қауіпті індетті жұқтыру деңгейі 2,5 есеге кеміді. Бұл кезеңде барлығы 4 418 қара мал сойылды. Жалпы, қазір эпизоотиялық жағдай тұрақты және облыстың ветеринариялық қызметтің бақылауында», - деді Берікжан Қайыпбай.

Дегенмен, кей өңірлерде жағдай әлі қалыпқа келе қойған жоқ. Қостанаймен шекаралас Орынбор облысында 2017 жылы ірі қара малдың нодулярлық дерматитінің бірнеше қолайсыз аумақтары тіркелгенін ескеріп, қостанайлық ветеринария мамандары биыл облыстағы барлық ірі қара малға індетке қарсы вакцина егуді жоспарлап отыр. Айта кету керек, 2017 жылдың тамыз айында біздің облыстың 3 ауданында (Жітіқара, Қамысты, Қостанай) 115 бас мал терінің паразитарлық түріндегі зақымдануына ұшырады. Өңірдегі ветеринариялық қызметкерлер індеттің алдын алу мақсатында емдеу мен дезинфекцияның кешенді іс-шараларын жедел түрде жүзеге асырды. Нәтижесінде, барлық жануарлар айықты. Қолданылған емдік шараларға байланысты ветеринариялық зертханаға патологиялық материалдар жіберілген жоқ.

«Арқалық қаласының аумағында 2017 жылы жұқпалы мал ауруының деңгейі 1,8 % өскен. Сондықтан, індетті ушықтырып алмас үшін салалық басқарма қалалық әкімдікке Фурманов, Жалғызтал, Екідің, Көктау, Жаңақала ауылдарында бруцеллезді қосымша зерттеуді міндеттеді. Бірақ, одан еш нәтиже шыққан жоқ. Аты аталған елді мекендерде ауруға шалдыққан 5030 қара мал есепке алынса, соның бар болғаны 1562-сі ғана тексерілген», - деді басқарма басшысы.

Ветеринария басқармасы жоспарлы тексерулерден кейін, өткен желтоқсан айында сойылған малдардан туберкуллез ауруын анықтапты. Бұл аша тұяқтылар «Арқалық тәжірбие стансасы» ЖШС-іне тиесілі. Осыдан кейін шаруашылықтағы барлық 417 ірі қара тексерілген. Соның 26-сы қауіпті індетті жұқтырғаны белгілі болды. Мұны Астанадағы ветеринарлық референт орталығы да растады. Берікжан Қайыпбайдың сөзінше, жергілікті жердегі мамандар індеттің таралуын жасырады. Бұл ауруды өршітпесе, кемітпесі анық. Мәселен, Арқалықтағы шаруашылықта ауру ошағы жиырма күн бұрын анықталғанмен, иесі мамандарға хабар бермеген. Сәйкесінше, алдын алу шаралары дер кезінде жүргізілмегендіктен, оны сауықтыру да біраз уақытты алды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов басқарма басшысына мал ауруы өршіп тұрған өңірлерді қатаң бақылауда ұстау қажеттігін қатаң тапсырды.

«Атқарылған жұмыстарға еш шүбә келтірмеймін. Бірақ, ол жеткілісіз. Жұқпалы дерттің алдын алу шараларын пәрменді түрде жүргізу қажет. Егер жергілікті жерлерде тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылмайтын болса, онда тиісті мамандар жауап беруі тиіс. Мұндай кемшіліктерді жібермеу қажет»,-деді өңір басшысы.