Қостанайда мантудан кейін екі оқушы қайтыс болды - ФЕЙК
17:56, 16 Қыркүйек 2021
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - WhatsApp мессенджерінде Қостанай қаласының №7 мектебінде балалардан Манту сынамасы алынғаны туралы аудио хабарлама таратылуда. Нәтижесінде төрт бала реанимацияға түсіп, екеуі қайтыс болған екен. Бұл фейк, деп хабарлайды stopfake.kz сайты.
Бұл ақпаратты Қостанай облысының Денсаулық сақтау басқармасы жоққа шығарды.
«Қостанай қаласының №7 мектебінде екпеден кейінгі балалардың өлімі мен ауыр жағдайы туралы ақпарат – өтірік», – делінген ведомствоның Instagram-дағы ресми парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі кезде Қазақстанда балаларға COVID-19 қарсы екпе салынып жатқан жоқ. Жасөспірімдер арасында егу науқанын қазан айында, Pfizer-BioNTech шығарған Comirnaty вакцинасы елге әкелінген соң бастау жоспарланған.
1 қыркүйекте БАҚ препараттың Қазақстанда уақытша тіркелгенін хабарлады.
Бүгінде вакцина бес жастан 11 жасқа дейінгі және алты айдан бес жасқа дейінгі балаларда клиникалық сынақтардан өткізілуде. Нәтижелері алдағы айларда жарияланады.