«Қызыл Армия қатарына мен 1942 жылдың желтоқсан айында Қостанай облысы, Сарыкөл ауданынан шақырылдым, - дейді ардагер. - Қызметімді Таллин жаяу әскер училищесінде курсант ретінде бастадым. 1943 жылы маусым айында түлектерден 14-ші гвардиялық әуе-десант бригадасы құрылды. Бізді Мәскеу түбіндегі Владимир облысы, Киржач қаласына жіберді. Соғыстың аяқталар уақыты жақындаған сайын Совет әскерінің Висладан Одерге дейінгі ауқымды шабуылдары іске аса бастады. Осыған орай, біздің бригада да Польшадағы Беларусь шебінің 1-ші және 2-ші майданы қол астына өтті. Гитлерлік басшылық Венгрияның оңтүстік-батысындағы 3-ші Украин әскери майдан шебіне танкімен күшті соққы берген соң, біздің топ осы бағытта өз ұрысын жалғастырды. Бригадамыздың аты 345-ші гвардиялық әуе-десанттық атқыштар полкі болып өзгертілді. Полкіміз 1945 жылдың қаңтарынан Венгрия мен Австрия аумағында жаумен соғысты».
Жауынгер Нұрша Хәкімов Будапешт пен Венаны алу кезіндегі жорықтарға қатысқан.
«Біз фашистердің тылынан шебінен жаудың территориясына шықтық. Содан кейін Реде қаласынан солтүстікке қарай оң километр жылжыдық, - деп еске алады Н.Хәкімов. - Орманда, жолдың бойына торуыл құрдық. Жолдың бойына алдын-ала дайындалған сым темірлердің ұштарын ағаштарға байлап, тарттық. Тұзаққа бірінші мотоцикл жүргізушісі түсті. Оның соңындағы жеңіл автокөлік сым темірге жетпей тоқтап үлгерді. Автокөлік жүргізушісі көліктен атып шығып, ашулы күйде сым темірді шаба бастады. Біздің жауынгерлер бұта арасынан шығып: «Қолыңды көтер!» деген бұйрық берді. Көлікте байланыс офицері болған екен. Одан карта және тағы басқа құжаттар алынды. Осы құжаттардан Редеге жаңа бөлімшелердің жіберілетіні мәлім болды. Бұл ақпарат біздің командирлерге өте жақсы көмектесті».
1945 жылғы наурыздың 24-і күні түс ауа ату алаңының дұрыс құрылмағаны үшін полкіміздің қорғаныс шебіне соғыс алаңынан 20 километрге кейін шегінуіне тура келді. Қорғаныс шебі, қорғаныс пункттерінің принципі бойынша салынды. Фашистер бірнеше мәрте шабуылдан соң, қорғаныс пунктінен өтіп, штаб полкіне жақындады. Полк командирі Михаил Котляров айналдыра қорғаныс шебін ұйымдастырды. Қарсылас жақ траншея арқылы блиндажға қарай жылжып, полктің гвардиялық байрағына қауіп төндірді. Оны күзетіп отырған сақшы ауыр жараланған. Осы уақыт аралығында бөлімшенің сарбаздары келіп, жаудың алқымынан алып, өз жақтастарына көмекке келіп үлгереді. Жау әскері майдан алаңында өзінің 30 жауынгері мен жанып кеткен екі танкісін тастай қашады.
«Иван Шуленков екеуміз үшін осы ұрыс соңғы болуы мүмкін еді, - дейді сол кездегі қорқынышты сәттерді еске алған ардагер. - Себебі осы шайқас барысында біз снаряд қалқасында тығылып отырған жаудың екі автоматшысын байқамай қалған едік. Ал оларды көргенімізде өте кеш болды. Бізге қарай екі мылтықтың үңірейген қара аузы қарап тұрды. Одан арғысы кинодағыдай өте шықты. Бізді біреу қалқалағандай болды. Ал бірнеше секундтардан кейін жерде екі гитлершінің өлігі жатты. Осы жауынгердің арқасында біз неміс автоматшыларынан аман қалдық. Бұл - аға сержант Василий Барышев еді».
1945 жылғы сәуірдің 13-інде Вена гитлершілерден толықтай тазартылды. Мәскеу Үшінші Украин майданының әскеріне салют берді. Венаны алу операциясына қатысқаны үшін Нұрша Хәкімов медальмен марапатталып, ал оның дивизиясына «Веналық» атты құрметті атақ берілді.
«Венаны босатқаннан кейін біздің дивизия Венгрияның опера театрында болды. Онда әлемге әйгілі композитор Иоганн Штраусқа гүлтәж қойдық», - дейді Н. Хәкімов.
Сәуірдің 18-інде Санкт-Пельтен қаласының түбінде жауынгер Нұрша Хәкімовты неміс снайпері винтовкадан атып, кеудесінен ауыр жарақаттады. Бірақ ол аман қалды. Соғыс аяқталған соң да Н.Хәкімов Совет Армиясының құрамында қызметте болып, Украина мен Белоруссияның территориясын бандерашылар мен власовшылардан тазартты.
Ақсақал ҰОС-ның мерейтойын өзінің үлкен отбасының ортасында яғни, төрт баласы және 14 немересімен, 3 шөбересімен қарсы алмақшы.