Қостанайлық жалған кәсіпкерлер 64 миллиард теңгеге жуық сомаға салық төлеуден жалтарған

ҚОСТАНАЙ. 14 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Қостанай облысы прокуратурасында өткен брифингте соңғы алты жыл көлемінде салық төлеуден жалтарып келген екі азаматқа қатысты қылмыстық іс туралы ақпарат жарияланды.

Олар құрған ондаған жалған кәсіпорындардың арқасында тауарсыз шот-фактуралар беріліп тұрған, нәтижесінде қазынаға 63,9 млрд. теңгеден астам қаражат төленбеген.

Облыстық прокуратура өкілі Еркін Тайкешовтің сөзіне қарағанда, тергеу барысында барлығы 138 қылмыстық іс қозғалған. Айыпталушылардың ісі сотқа берілді, олардың шамамен 60 млн. теңге тұратын мүлігіне тыйым салынды.

Айыпталушылар тағылған айыппен келіскен және соттың қылмыстық істі жеңілдетілген тәртіпте қарастыруын сұрап, өтініш жазған.