Қой терісін жамылған полицейлер - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 17 қыркүйек, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Қостанай облыстық наркологиялық диспансер дәрігерлерінің мәліметінше, үстіміздегі жылдың алғашқы жартысының өзінде ғана өңірде есірткіге еліткен 3293 адам есепке алынған. Олардың арасында 25 жасөспірім, 328 әйел бар екен. Бұл жолда адасқан жасөспірімдер қатарының өткен жылға қарағанда өскені де байқалады. Әрине, есірткінің зияны туралы өте көп айта беруге де болады. Ал осы есірткі қайдан келеді, кім таратады, жастарды осы қасіретті жолға кім итермелейді? Үстіміздегі жылы облыстық сот қараған шулы істен кейін жұрт жағасын ұстады. Есірткі бизнесімен айналысқан, оны таратқандарға сырттан қамқор болған басқа емес, полицейлердің өзі болса не дейсіз?.. деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Қой терісін жамылған полицейлер» атты мақалада.

Басылымның атап өтуінше, жылан ордасы секілді есірткі бизнесімен айналысқан үлкен топ - 16 адам сот алдында жауап берді. Солардың арасындағы 10-ы полицей еді. 2011 жылы Қостанай қаласының тұрғыны Р.Асылбаева деген А.Петренко және Н.Киселевалармен қосылып, Қостанайға героинді мол мөлшерде әкелудің, сақтаудың, сатудың аса қитұрқы сызбасын ойластырған қылмыстық топ құрады. Әйелдер мұндай «жоспарды» облыстық ішкі істер департаментіндегі лауазымды адамдардың, нақты айтқанда, оперативтік қызметкерлер Ж.Ірге­баев, А.Бозбалин, Н.Шупов, С.Ер­­мағанбетов, Д.Цой, Т.Нау­­рыз­­баев, Е.Оразақов, Н.Әлма­ған­­бетов, Р.Ғазизуллин, С.Мұ­ха­мед­жа­нов­тардың көме­гінсіз жү­зеге аспайтынын білген. По­ли­цейлердің төртеуі - майор, біреуі - капитан, бесеуі - аға лейтенант, біреуі кіші сержант шенінде болған.

Облысты шулатқан есірткі ісі 100 томнан асып кетті, оларды тергеу, дәлелдеу, соттау үдерісі бірнеше айға созылды. Әбден әккі болған топтың арам ісіне көз жеткізу, бұлтартпай дәлелдеу оңайға түскен жоқ. Істің анық-қанығына жетіп, қылмысты бұлтартпай ашу үшін күдіктілердің бірнешеуін қайта-қайта тергеуге тура келген.

Астана қаласындағы №40 Ә.Марғұлан атындағы мектеп мұғалімдері мен оқушылары бірігіп, испанның седум гүлінен шырайлы «кілем» әзірледі. Мектептің бұл жаңалығында ЭКСПО-2017 эмблемасы бейнеленген, деп жазады аталған басылым «Гүлмен өрнектелген ЭКСПО эмблемасы» атты мақалада.

Туынды туралы мектеп директоры Е.Іргебаев былай дейді: «Мектебіміз «Гүлстан» журналы және «Гүлзар» қоғамдық бірлестігімен жұмыс істеп келе жатқанына 8 жылдай уақыт болды. «Гүлстан» журналының арқасында бозкілем жасау тәсілін үйренуді қолға ала бастадық. Мұндай дүниені өсімдік түрінде өсіру өте күрделі дүние екендігін осы істі қолға алғанда түсіндік. Бұған седум деген испан гүлі керек екен, оның жасыл түрі мен қызыл түрін алдырып, әуелі әбден көтерілгенше далаға егіп қойдық. Каркаста топырақ құлап қалмайтындай болуы үшін оның қаңқасына да аса мән бердік. Мектебіміздің алғашқы жаңалығы ЭКСПO-2017 эмблемасына арналғаны кездейсоқ емес. Себебі, оқушыларға экологияны теориялық түрде ғана емес, практикалық тұрғыда үйретсек деген мақсатты алға қойып отырмыз. Біз бұл жаңалығымызбен тоқтамаймыз, болашақта осы саланы дамытып, керекті дүниелердің бейнесін жасауға көшеміз деген жоспарымыз бар. Мысалы, мектебіміз атын иеленген Әлкей Марғұланның бейнесін немесе еліміздің көк байрағын жасау секілді ойда жүрген идеялар көп».

***

Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиылысы шетел аумағын өз құрамына қосып алу туралы заңды қалай енгізу қажеттілігін жан-жақты талқылап жатыр. Заң жобасын Сунь Вань Хань атты депутат ұсынған, деп жазады «Айқын» газеті «Қытайдан басталған ұсыныс қайда апарады» атты мақалада.

Басылымның атап өтуінше, дайындалып жатқан заңда Қытай мемлекеті өзге аумақты шетел азаматтарының қалауымен жалпы халықтық референдум өткізу арқылы қосып ала алатыны жазылған. Егерде сол аймақ халқының басым бөлігі Қытайдың қолтығына кіріп, азаматы болуға ниет білдірілген жағдайда Қытай үкіметі олардың талабын қанағаттанды­рады. Бұл туралы Вань Хань жергілікті журналистермен кездескен кезде ұсынысының мән-жайын төмендегідей түсіндірген. Оның назарынан Ресейдің Қытаймен шекаралас аймағы Қиыр Шығыс өңірінің азаматтарына Қытай азаматтығын беру мәселесі де қалыс қалмағанға ұқсайды. Дипломат, қоғам қайраткері Әділ Ахметов 1991 жылға дейін Қытаймен бай­ланысты келіссөздерді осы елмен шека­ралас бұрынғы одақтас республикалар өкіл­дерінің қатысуымен құрылған ке­ңестік өкімет делегациясы жүргізіп келсе, 1992 жылдан бастап Қазақстан Республи­касы өз делегациясын жасақтап, Қытай­мен шекара мәселелері жөніндегі келіс­сөздерді егемен ел ретінде қолға алғанын айтады. Дипломат, қайраткердің айтуын­ша, қазақ-қытай елдері арасындағы шека­раларды делимитациялау туралы келіс­сөз­дер 1992-1998 жылдары өтіп, демаркация 2002 жылы толығымен аяқталды. Келіс­сөздерге бұрынғы Ресей империясы мен Қытай арасында XIX ғасырда жасалған сегіз шарт пен хаттамалар негіз болды. 1994-1999 жылдар арасында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Респуб­ликасы арасында өткен келіссөздер нәти­жесінде, екі елдің мемлекеттік шекарасы­ның өту сызығын және оның шекаралық белгілермен белгіленуін нақты анықтап, әрі егжей-тегжейлі сипаттап беретін ха­лықаралық бес келісім жасалды.

Саясаттанушы Расул Жұмалы көрші елдерге көз сүзе бастаған Қытай депутаты ұсынысының екінші астарына көңіл бөлуімізді өтінді. Бұл жерде мәселе шекарасы айқындалған елдер емес, күні бүгінге дейін келісімге келе алмаған елдер турасында болып отыр. Саясаттанушының пайымдауынша, біздің елдің тәуелсіздігіміздің алғашқы құжат­тарын шекара мәселесінен бастауының өзі байқамай жіберіп алған кемшіліктерімізді ақтап алатын үлкен тарихи жеңіс екенін айтады.

- Қазақ жеріне ешкімнің таласы жоқ­тығы уақыт өткен сайын айқындалып ке­леді. Тіпті өткен аптада Ресей Думасының депутаттары кейбір әріптестерінің әрекеті үшін Астанада ресми түрде кешірім сұ­рады. Бірақ солай екен деп босаңсып қа­луға болмайды. Бізге ендігі қауіп шекара сызығынан емес, басқа жақтан келуі мүм­кін. Мысалы, кешегі Ресей-Украина, Қы­рым жағдайына байланысты біз пікірімізді айқын білдіре алмадық. Бұл жағдай Қы­рымда отырған татар бауырларымыздың көңіліне келгені анық. Сондықтан, біз көрші ел ғана емес, жырақта орналасқан елдердің біртұтастығына келгенде қара қылды қақ жаратындай әділдіктен тан­бағанамыз абзал, - дейді Расул Жұмалы.

Келешекте барлық түркітілдес елдер бірыңғай алфавитке көшуі мүмкін. Елбасының бастамасымен және барша түркітілдес мемлекеттер басшыларының қолдауымен құрылған арнайы Академия алдына осындай міндет қойылды, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Түркі академиясы туралы» құжатты бекітті» атты мақалада.

Кеше, Қабиболла Жақыповтың төрағалық етуімен өткен Мәжілістің жалпы отырысында қалаулылар «Түркі Академиясын құру туралы» Келісімді ратификациялаған болатын. 2012 жылы Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан және Түркия арасында қол қойылған осы құжатта тиісті шарт қарастырылып отыр.

Атап айтқанда, Келісімнің 2-бабында, «Түркі академиясының мақсаттары мен міндеттері» қатарында «барша түркі тілдерінің жинақталған әліпбиін әзірлеу» («создание консолидированного алфавита для всех тюркских языков») көзделуде.

- «Қазақстан - 2050» стратегиясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2025 жылға қарай қазақ тілі әліпбиін латын қарпіне көшіру туралы тапсырма берді. Тұспалданып отырған «жинақталған әліпби» латын қарпіне негізделе ме? - деп сұрады депутат Тұрсынбек Өмірзақов.

Үкімет атынан халықаралық құжатты қорғауға келген Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов барлығы ғылымдардың тұжырымына және ұсынымдарына бай­ланысты болатындығына нұсқады: «Меніңше, бұл іске қазіргі кезеңде тек ғылыми жоба ретінде қарауымыз керек. Біздің әліпби қандай сипатта болады? Қазақ тілін латын қарпіне көшіру бойынша жұмыс жүруде. Тиісті жұмыс тобы құрылған. Бұл ретте болашақ қазақ алфавитінің түркі елдері әліпбилеріне қаншалықты деңгейде ұқсас болатындығын ғалымдардың жұмысының нәтижелеріне қарай көреміз. Бұл бағытта түрколог, мәдениеттанушы ғалымдар зерт­теулер жүргізеді, дәйектейді. Бүгінде ол ту­ралы айту әзірге ерте. Алда айқындалады».

Түркі академиясын Ғылыми кеңес басқарады, оның құрамына әрбір тараптан бір-бір өкілден, сондай-ақ президент пен вице-президенттер кіреді. Ұйымның президенті мүше мемлекеттер азаматтары арасынан 4 жылға тағайындалады. «Ке­лісімнің 7-бабында Қазақстан азама­ты болып табылмайтын президент, вице-президенттер және олардың отбасы­лары иммунитетке ие болатындығы жа­зыл­ған, ал дәл осы лауазымға тағайын­дал­­­ған қазақстандық иммунитетті пай­да­лана алмайды екен. Бұл не деген дис­криминация?! Неге бәріне бірдей им­мунитет бермеске?» деп қайран қалды депутат Рауан Шаекин.

Айтқандай, Түркі академиясы қазір­гі кезде «Бейбітшілік және келісім сарайында» жұмыс жүргізеді. Білім және ғылым министрлігі оған жеке ғимарат сұратып отыр. «Президент Әкімшілігіне хат жібердік. Бұл мәселе сонда қаралуда. Жауап болса, Үкімет мәселені шешеді деп ойлаймыз», - деді А.Сәрінжіпов.