ҚОЖЫҚОВ ҚОҢЫРҚОЖА

ықов Қоңырқожа (1880-1938) - қоғам қайраткері, ағартушы, ғалым.

Қызылорда облысының Ақмешіт (қазіргі Қызылорда қаласы) уезінде дүниеге келген. Қазақ-орыс мектебін, Ташкент мұғалімдер семинариясын бітірген.

Сырдария губерниясында мектеп инспекторы, қазақ-орыс училищесінің меңгерушісі, Түркістан, Перовск, Әндіжан қалаларындағы мектептерде оқытушы болды. 1912 жылы Орынборда Қ.Қожықов жазған «Әліппе» оқулығы және Шәді Жәңгірұлы мен Қалиасқар Қасымовпен бірігіп шығарған «Русие патшалығында Романов нәсілінен хукимранлик қылған патшалардың тарихлары» (орысшасы - «Историческая поэма царствования Дома Романовых на киргизском языке») атты дастаны жарық көрді.

Қ.Қожықов Патша үкіметінің 1907 жылғы 3 маусымдағы жарлығына сәйкес қазақтар мен Түркістан өлкесінің өзге де жергілікті халықтарының Мемлекеттік Дума жұмысынан шеттетілуін нағыз әділетсіздік деп бағалап, ол жарлықтың күшін жою жолында ұйымдастырылған іс-шараларға қатысқан. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Ферғана өңіріндегі қазақтардың мүддесін қорғайтын «Көшпенді» атты ұйым құрып, оған жетекшілік етті. Қожықов 1917 жылы тамызда өткен Түркістан өлкесі қазақтарының съезінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Осы автономияның Уақытша кеңесінің мүшесі болып сайланды. Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі кезеңде М.Шоқай секілді қайраткерлермен астыртын байланыста болды. 1922 жылы Әулиеатада уездік жер басқармасында істеді. Жетісу өңіріне жиі экспедицияға шығып, көне қорғандар мен ескерткіштерді зерттеумен айналысты. Орхон жазуы, Қозы Көрпеш - Баян сұлу, Келіншектас, Ақтас мазарлары туралы ғылыми еңбектер жариялады. Араб, парсы, шағатай тілдерін жете меңгерген ол осы тілдердегі тарихи және әдеби шығармаларды қазақшаға аударды.

1936 жылы Қазақ КСР-інің мемлекеттік кітапханасына (қазіргі Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы) Сүлеймен Бақырғанидің «Хикмет Хазірет Сұлтан әл-ғарифин» атты қолжазба кітабын тапсырды. 1935-1936 жылдары жарық көрген екі томдық «Қазақтың өткендегі тарихы туралы деректер мен материалдар» атты жинақты ұйымдастырушылардың бірі.

1938 жылы халық жауы ретінде тұтқындалып, ату жазасына кесілді. 1957 жылдың 23 желтоқсанында ақталды.

 

 

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энцклопедиясы, 6 том