Алқа мәжілісін комитет төрағасы Георгий Ким жүргізді. Төраға орынбасары Санжар Тоғаев өз баяндамасында республика бойынша сот шешімдерінің орындалуы жайына, кадрлық саясат пен жемқорлықпен күрес барысына тоқталып өтті.
Кеңейтілген жиынға қатысушылар тарапынан Комитеттің қайта құрылымдану барысының табысты жүргізіліп, маман кадрларды жасақтау ісінің де бүгінгі күні толық аяқталғандығы, жеке сот орындаушылар институтын енгізуге даярлық жайы айтылды.
Аймақтардың экономикалық құрылымдарында өзіндік ерекшеліктердің бар екендігі ескеріліп, атқарушылық өндірісті тиісінше құру бойынша департамент басшыларына тапсырмалар берілді. Жиын барысында басшылық тарапынан айтылған сыни пікірлердің кезекті кеңейтілген жиынға дейін өз шешімін табу қажеттігі облыстардағы өкілдік басшыларына тапсырылды.
Жиынды қорытындылай келе комитет басшысы халықтан түскен арыз-шағымдармен жұмыс жасау ісіне және атқарушылық өндірісінің өзегі ретінде сот орындаушыларына баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Одан өзге жұмыс жасау барысында ашықтық, әділдік сынды қағидаларды негізге алу, атқарылған істерді түрлі деңгейдегі БАҚ-да көрсету, нәтижесінде басты сыншы халықтың ықыласына бөленуге ұмтылу жайы сөз болды.