18:17, 24 Сәуір 2009
ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесті
АСТАНА. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесті. Онда Бас прокурор Елбасының құқық қорғау органдары мен прокуратураның алдына қойған міндеттердің орындалу барысы жөнінде баяндады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Атап айтқанда, Қ.Мәми ақпарат құралдарының басшыларына Құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің тиімділігін арттыруға байланысты мәселелерді түсіндірді. Сонымен бірге ол Елбасының «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметін әрі қарай жетілдіру мен қылмыспен және жемқорлықпен күресті күшейтуге бағытталған қосымша шаралар туралы» Жарлығына байланысты редакторларды толғандырған сауалдарға жауап берді. Бас прокурордың айтуынша, Елбасының Жарлығы еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін күшейтуге бағытталған. Ол сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттер мен олардың пайда болуының алдын алуда жүйелі әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді. Құжат азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауда прокуратура органдарына аса үлкен жауапкершілік артып отыр. «Жалпы қылмыс, оның ішінде сыбайлас жемқорлық іс жүзінде елімізде қызметін жүзеге асырып жатқан барлық салаларды қамтиды. Ал оны жеңу үшін мемлекеттегі
үлкен лауазым иесінен бастап, қоғам өкілдеріне дейін белсенді атсалысуы қажет. Онымен жалғыз құқық қорғау органдарының және басқа да құзырлы мекемелердің күшімен күресіп, жетістікке жету мүмкін емес. Осы мәселелердің барлығы да Президенттің Жарлығында кеңінен әрі жан-жақты нақтыланып берілген», деді Қ.Мәми. Оның сөзінше, аталмыш Жарлық елдегі қылмысқа қарсы күрес шараларының басым бағыттарын айқындайтын стратегиялық құжат.
«Сонымен қатар Жарлықтағы тағы бір жаңалық - мемлекеттік орган басшылары үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру бұрын жалпы тапсырмалардың бірі болса, енді ол осы басшылар үшін нақты міндет болмақ. Айталық, алдағы уақытта белгілі бір мемлекеттік органның қызметкері жемқорлық әрекеттеріне жол беріп жатса, жауапқа сол қызметкердің өзі ғана емес, сол мекеменің басшысы да тартылады», деді Бас прокурор.