ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен хабарлағандай, оқиға орнына облыстық ІІД мен Алматы қалалық ІІД-нің сараптамалық-криминалистикалық қызметтерінің қосымша күштері жіберілді, соның ішінде ІІМ Жедел-криминалистикалық департаментінің басшылығы бар.
Топырақ құрамынан төгілген жанар-жағармайдың бар-жоғын зерттеу, көліктік құралдар мен аяқ киімдер іздерінің үлгілерін алу, өрт қоқысының арасында қылмысты ашуға көмектесер фрагменттер мен заттарды іздеу жұмыстары жүргізілуде. Сумен шаю барысында табылған заттар мен микробөлшектер, сондай-ақ басқа да айғақ дәлелдер дереу сараптамаға жіберілуде. Жедел-іздеу шараларының барысында Алматыда орналасқан арнайы сапартамалық зертханалар қолданылады. Фото-бейне түсірілімдер барысында алынған материалдарды жинау жалғастырылуда.
Полицияның сыртқы қызметтері жаяу да, атпен де шолғын жасап, қызметтік-іздеу иттерін қолдануда, ал ішкі әскер қызметкерлері Ұлттық паркті толық тексеруде, сондай-ақ тікұшақпен тінту жұмыстары да жалғастырылуда.
Ішкі істер органдары Ұлттық саябақтағы құқық тәртібі мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Қылмыстардың тергелу барысы Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында тұр.
Тергеуді жүргізуде айтарлықтай көмекті өткен демалыс күндері Ұлттық саябақта демалған азаматтар көрсетуде. ІІМ облыстың және Алматы қаласының тұрғындарынан саябақ аумағында жасалған ауыр қылмыстардың басын ашуға көмектесе алатын кез келген ақпаратты мәлімдеулеріне өтінішін білдіреді. Мына телефондар арқылы хабарласуға болады: Талдықорған қаласына 8(728)2608007, Алматы қаласына 8 (727)2957516, 2985203, немесе 87019771113, 7017555175, 87017170071.