ҚР ИЖТМ отандық автокөліктерді сатып алуға қатысты Елбасының тапсырмасын жүзеге асыратын болады - Ә.Исекешев

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі отандық автокөліктерді сатып алуға қатысты Елбасының тапсырмасын жүзеге асыратын болады.

Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Серік Ахметовтың қатысуымен өткен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің алқа мәжілісі барысында мәлім болды.

«Мемлекет басшысы Н. Назарбаев отандық автотехникаларды сатып алуға қатысты қатаң талаптар қойған болатын. Біздің министрлік бұл ұстанымды толық қолдайтын болады. Қазақстанда осыдан 2-3 жыл бұрын бұл жайында айтуға мүмкіндік болмаған болса, бүгінгі күні Елбасының осы тапсырмасын орындауға барлық негіз бар, жағдайымыз толық келеді. Мәселен, қазіргі таңда елімізде  автокөлік техникасы саласында жұмыс істеп тұрған 5 өндіріс бар. Оларда шағын әрі үнемшілден бастап жоғары класты жеңіл автокөліктердің 26 түрі шығарылады. Автобустардың 4 түрі, жүк-коммерциялық техниканың оншақты түрі де шығып жатыр», - дейді министр.

Осы мәселелерге тоқтала келе ведомство басшысы Елбасы тапсырмасына орай, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Үкіметке жаңа тетіктер енгізу туралы ұсыныспен шығатынына тоқталды.

«Бұл ретте мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар  үшін автокөлікке қатысты мемлекеттік сатып алулар барысында арнайы тетіктер қарастырылуы тиіс. Ұзақмерзімді келісімшарттар да осы бағытта жасалуы шарт», - деді Ә. Исекешев.

Сонымен қатар министр, аталған мәселеде мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберіндегі «Камаз-инжиниринг» тәжірибесін үлгі етті.

«Қорғаныстық тапсырыс бойынша биыл бұл мәселе толық шешімін табатын болады. Алайда, жеке және ұлттық компаниялар, азаматтық қажеттіліктер үшін арнайы механизмдерді іске қосу керек. Бұдан бөлек, осы салада біз сапа мен бағаның бәсекелестігі бойынша отандық өндірішілермен жұмысты бастадық. Онсыз мәселені толық көлемде шешу мүмкін емес», - дейді Ә. Исекешев.