ҚР Қаржы полициясы «Теңізшевройл» ЖШС-нің 212 млрд. теңге сомасындағы мұнайды заңсыз өндіруі фактісі бойынша тергеу жүргізеді

None
АСТАНА. Шілденің 8-і. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы полициясы «Теңізшевройл» ЖШС-нің 212 млрд. теңге сомасындағы мұнайды заңсыз өндіруі фактісі бойынша тергеу жүргізеді.

Бұл туралы бүгін агенттік тілшісіне сұхбат берген Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

«Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне ҚР Бас прокуратурасынан 212 миллиард теңге сомасындағы мұнайды заңсыз өндіру фактісі бойынша «Теңізшевройл» ЖШС-нің қызметін тексеру материалдары келіп түсті. Іс белгіленген заңнамалық тәртіппен тіркелді. Тексеру қорытындысына сәйкес процессуалды шешім қабылданатын болады», деді ол.

«Теңізшевройл» ЖШС қазақстандық-американдық бірлескен компания және Қазақстандағы ірі мұнай өндіретін кәсіпорын саналады.