Бұл туралы бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен аталмыш ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде ККМ-ның жауапты хатшысы Жеңіс Қасымбек мәлім етті.
Ж.Қасымбек атап көрсеткендей, ККМ-ның өткен жылғы бюджеті 313 млрд. 400 млн. теңгені құрады. Оның 19, 5 млрд. теңгесі «Жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінді.
«Бөлінген қаражаттар шеңберінде 18 бюджеттік бағдарламаны әкімшілендіру жүргізілді. Олардың арқасында 89 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. 2010 жылдың қорытындысы бойынша игеру 99,1 пайызды құрады. 2009 жылы бұл көрсеткіш 96,4 пайыз болды», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, Көлік және коммуникация министрлігінің ағымдағы жылғы бюджеті 20 млрд.-қа жуық теңгеге артық. Ведомство бюджеттің игерілуін және оның сапалы игерілуін жіті бақылауға алмақ.