ҚР ОСК төрағасы орынбасарының атап өтуінше, 2016 жылғы 20 қаңтардан бастап 22 ақпанға дейінгі кезеңде Ортсайлаукомға жеке және заңды тұлғалардың 44 өтініші келіп түскен.
«Олардың 19-ы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау науқанымен байланысты (4-еуі қоғамдық бірлестіктерден, 11-і жеке тұлғалардан, 3-еуі БАҚ-тан, 1-еуі облыстық сайлау комиссиясынан) болды. Соның ішінде 10 өтініш сайлау заңнамасының жекелеген нормаларын түсіндіру мәселелері бойынша, тағы 9-ы Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсынуға, партиялық тізімдерге енгізілген кандидаттарға байланысты сайлау рәсімдеріне қатысты», - деді ол.
В.Фоостың атап өтуінше, ОСК-ге келіп түскен 25 өтініш Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау науқанына байланысты. Олардың ішінде 17-сі сайлау заңнамасын түсіндіру мәселелері бойынша, қалғандары рәсімдік сәттерге, сайлау комиссияларының жұмысына, кандидаттар туралы ақпаратқа қатысты болды.
«Өтініш иелеріне уақтылы жауап қайтарылды. Тоғыз өтініш тиісті органдарға қарау үшін жіберілді», - деді ҚР ОСК төрағасының орынбасары.