ҚР Президенті аграршыларды кез келген ауа райында өнімділікті қамтамасыз ететін заманауи технологияларды қолдануға шақырды

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін түстен кейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қостанай облысына жұмыс сапары басталды.

Сапар Елбасының «Шеминовка» жекеменшік ауылшаруашылық кәсіпорнына баруынан басталды.

Н.Назарбаев Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасовтың ауылшарушылық өндірісінің заманауи жағдайы туралы ақпаратын тыңдап өтті.

Биылғы жылы Қостанай облысындағы егістік ауданы 5 млн. 126 мың гектар жерді құрады. Шабындық жұмыстары аяқталды, барлығы 1 млн.-нан астам тонна шөп әзірленді. Сондай-ақ шөптің дайындалған мөлшерінен 10 пайыз көлеміндегі сақтандыру қоры құрылды.

Өсімдік өсіру мамандарына биылғы жылы бөлінген мемлекеттік субсидиялардың сомасы 4,4 млрд. теңгені құрады. 18,5 млрд. теңге көлемінде несиелер берілді.

Биыл Қостанай облысының ауылшаруашылық тауар өндірушілері егін жинау жұмыстарын әдеттегіден екі аптаға ерте бастады. Бұл ағымдағы жылдың жалпы нормадан ауытқыған ауа райы жағдайына байланысты болды.

Қостанай облысының егістік даласына жалпы алғанда 11,6 мың комбайн шығады. Әкім Н.Сәдуақасовтың айтуынша, биыл астықтың күтіліп отырған жалпы мөлшері, егер өнімділік бір гектардан 7 центнер болған жағдайда, 3 млн. тоннаны құрай алады.

Президент шаруалардың әрқашан үлкен мемлекеттік қолдау алатынын атап өтті. Бұл әсіресе биыл аграршылар қуаңшылық салдарынан туындаған проблемаларға ұрынған соң ерекше маңызды болып отыр.

Қостанайлық ауылшаруашылық тауарын өндірушілер 8,9 млрд. теңге борыштарын төлеу мерзімін ұзартуғамұқтаж екені белгілі. Облыста 400 млн. теңге сомасына азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қоры құрылды.

Сондай-ақ, Президент Қостанай облысын ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық дамыту жоспарларымен танысты. Оған тоғыз ірі инвестициялық жобаның төлқұжаттары ұсынылды. Олардың басшылары Н.Назарбаевқа жұмыстардың барысы және өндірісті іске қосу мерзімдері туралы мәлім етті. Бұл жобалардың арасында атап айтқанда Садчиковка кентіндегі сүт-тауарлық ферманың екінші кезеңінің құрылысы маңызды. Оның құрылысымен «Иволга-Холдинг» компаниясы айналысуда. ҚазАгроФинанстың көмегімен жүзеге асырылып отырған жобаның құны 540 млн. теңгені құрайды. «Арай холдингі» жемшөптік дақылдарды өсіруге арналған «Сарыағаш» суландыру жүйесінің құрылысы жобасын ұсынды. Оның құны - 111 млн-нан астам теңге. Бұл жоба жақын күндері қолданысқа енгізіледі.

«Мельагропром» ЖШС Алтынсарин ауданында 500 бас аналық ірі қараны өсіретін шаруа қожалығын құруда. Жобаның бағасы 400 млн. теңгеден асады. «Нұр Жайлау НС»-тың инвестициялық жобасы да мал шаруашылығы саласына қатысты. Бұл Арқалықтағы 3 мың мал басынан тұратын асыл тұқымды мал шаруашылығы, бағасы 1 млрд. теңгеден асады. «Мақсұт-Н» - Таран ауданындағы 3 мың ірі қараға арналған мал шаруашылығы кешені. Инвестициялар сомасы 2,5 млрд. теңгеден асады. Ол келесі жылдың ортасында қолданысқа енгізіледі.

Президент аграршылармен әңгімелесіп, оларды жұмыстарында кез келген ауа райы жағдайында кепілдендірілген өнімділікті қамтамасыз ететін жерді өңдеудің заманауи технологияларын қолдануға шақырды. Қазіргі уақытта Мемлекет Басшысы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нің автомобильдерді сериялық құрастыру өндірісіне келді.