Қазақстан Президенті әлемдік экономика едәуір күрделі және болжап болмайтын жағдайда екенін атап өтті, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
- Соңғы уақытта қуат тасымалдаушы бағасы біраз арзандады. Мысалы, соңғы айда мұнайдың бағасы барреліне 107 доллардан 90 АҚШ долларына дейін төмендеді. «ҚазМұнайГаз» Қазақстанның негізгі мұнай өндіруші компаниясы болып табылады. Әлемдік рыноктағы қолайсыз үрдісті ескере отырып, ұлттық мұнайгаз холдингісінің талдамалық және болжам жасау қызметін күшейту қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Л.Қиынов Қазақстан Президентіне компания қызметіндегі перспективалық бағыттар туралы баяндады. Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» басшысы 1 шілдеден бастап, холдингінің құрылымдық бөлімшелері - Өзенмұнайгаз бен Ембімұнайгаз дербес заңды тұлға ретінде жұмысын бастайтынын мәлімдеді.
- Осылайша бұл мұнай қомпанияларының жұмысшылары барлық өз мәселелерін өздігінен шеше алатын болады. Бұл әлеуметтік саланы дамытуға және өндірістің тиімділігін арттыруға оң ықпал етеді. Біз компанияның өндірістік қызметі жүзеге асыратын, елді мекендерді дамытудың әлеуметтік қырларына ерекше көңіл бөлеміз. Соңғы уақытта біздің тарапымыздан Жаңаөзен мен Қаражанбаста екі мың адам жұмысқа орналастырылды, - деді Л.Қиынов.
2011 жылы шоғырландырылған мұнай мен газ конденсатын өндіру 21,1 миллион тоннаны құрады. 2012 жылы 21,9 миллион тонна өндіру жоспарланған.
Мемлекет басшысы кездесудің қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының алдына бірқатар міндет қойып, нақты тапсырма берді.