ҚР Президенті: Жаңа стратегияның басты мақсаты - Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына енуі

АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Жаңа стратегиясының басты мақсаты - Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына енуі.

Бүгін Ақордада Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.

«Біз түбегейлі басқа мүмкіндіктер мен перспективалар ашатын жаңа тарихи кезеңге шықтық. Мен Тәуелсіздіктің 20 жылдығында жария еткен Қазақстан халқына арналған Жолдауда біздер 15 жыл бойы жүзеге асырған 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясының басым мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізілгендігі туралы қорытынды шығарылды», - деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Елбасы «Қазақстан - 2050» жаңа стратегиясының бекітілгендігін атап өтті. «Мұндай қадам осыдан 15 жыл бұрынға қарағанда Қазақстанның мүлдем басқа мемлекетке айналғандығына негізделген», - деді Н. Назарбаев.

Қазақстан Прзидентінің атап өтуінше, «Қазақстан-2050» стратегиясы ел мен қоғамның инновациялық экономикалық және әлеуметтік даму ұстанымдары негізінде жүзеге асырылатын болады.

«ХХІ ғасырдың ортасына дейінгі қазақстандық жаңа саяси бағдардың мәні осында. Мен Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елі болуы турасында ауқымды міндет жүктедім. Бұл біздің стратегиямыздың басты мақсаты», - деді Ұлт көшбасшысы.