ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында семинарлар 50 пайыз қазақ тілінде өтеді - Елтай Шаханов

АСТАНА. 12 шілде. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілерге жоғары талаптар қойылып отыр. Олардың біліктілігін арттыру мақсатында оқулар өткізіліп тұрады. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Басқару философиясы мен әдіснамасы» кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Елтай Шаханов мемлекеттік қызметшілерге дәріс берудегі тәжірибелерімен бөлісті.

- Елтай Айтымышұлы, мемлекеттік кызметшілердің тұлғасы мен кәсіби қабілеттерін жетілдіру мақсатындағы семинарлар жиі ұйымдастырылады ма?

- Мемлекеттік қызметшілерді қайта дайындау мен біліктіліктерін арттыруға арналған семинарлар біздің жоспарымыз бойынша тұрақты өтіп тұрады. Бұл кафедра жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі. Кафедрамыз жылына төрт рет семинар ұйымдастырады. Олардың ұзақтығы бір аптадан үш аптаға дейінгі мерзімді қамтиды. Тақырыбы мемлекеттік қызметшілерді тұлғалық және кәсіби тұрғыдан жетілдіру болғандықтан, семинарларымыздың мазмұнында біз олардың адамгершілік, рухани, мәдени сұраныстарын толықтыруды басты мақсат етеміз. Кәсібилік пен адамилық - өзара тығыз байланысты және бір-бірінен ажырамайтын қабілеттер. Мемлекеттік қызметте нәтиже болуы үшін қызметшілер өз бойларында кәсібилікпен қатар адами әлеуеттерді оятып, тұрақтандырулары қажет. Біз екі бағытты ұстанамыз. Бірі мемлекеттік қызметшінің кәсіби жағын тереңдетеміз, сонымен қатар тұлғалық қалыптасу жағына да көңіл бөлеміз.

- Жылдық жоспарды алдын ала жасағанда, заман ағымынан қалмау үшін қандай басты бағыттарды негізге аласыздар?

- Әрине, біз мемлекеттік қызметтің жаңа тұжырымдамасында көрсетілген негізгі бағыттарды жүзеге асыруымыз керек. Ал тұжырымдама мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшіге заманға сай болу талаптары айқындалған. Біз міндетті түрде осы сұраныстарға жауап беріп отырамыз. Ең бастысы, күнделікті қызмет бабында жиі кездесетін мәселелерді нәтижелі, сапалы атқарудың ұтымды практикалық амалдары мен техникаларына үйретеміз. Мәселен, біздің кафедраның келесі жылы ұйымдастыратын семинарлардың тақырыптары бекітілді. Атап айтқанда, «Мемлекеттік қызметшінің этикасы және имиджі», «Мемлекеттік қызметшілерді уәждеу (мотивация)», «Көшбасшы мен жетекшінің біліктіліктері» тақырыптары қамтылды. Яғни, тұжырымдамада айқындалған - мемлекеттік қызметшіні нағыз іскер тұлға ретінде шыңдау міндетін кафедра мүшелері жүзеге асыруға атсалысып отыр.

- Ғалымдарды, білікті мамандарды қайдан шақырасыздар?

- Сабақ жүргізуге ғалымдармен қатар тәжірибелі практиктерді шақырамыз. Дәріскерлеріміздің 40 пайызға жуығы құзыретті органдарда еңбек етіп жүрген лауазымды адамдар. Рейтингі жоғары алдыңғы қатарлы органдардың басшыларын мемлекеттік қызметшілердің тыңдауына, ауызекі тілдесіп, тәжірибе мен пікір алмасуына мүмкіндік жасаймыз. Бұл алдыңғы қатардағы тәжірибелер шоғырын басқа ұйымдардың мүшелерімен таныстыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар өзіміздің және басқа кафедралардың мүмкіндіктерін пайдаланамыз.

Біздің оқытушыларымыздың ерекшеліктері бар. Олар кәсібін терең, жан-жақты меңгерген адамдардың алдында сабақ беруге бейімделген. Себебі бізге тыңдаушылар нақты өзіне керегін іздеп келеді. Сұрақ қойып отыратын, сын айтатын адамдар аз емес. Олар жарты жыл бұрын семинардың тақырыбын таңдап, алдын ала жазылып қояды. Сондықтан біздің оқытушылар   тыңдаушыларға ақпарат берумен шектелмейді. Сұраныстары жоғары, жаңа білім мен алдыңғы қатардағы технологияларды талап ететін аудиторияны меңгеру - оқытушыдан ерекше қабілет пен арнайы дайындықты қажет етеді. Олардың әдістемелерінде құралдар мен амалдарды үйрету басым.

Негізгі салмақ мемлекеттік қызметшіні практикалық тұрғыдан жетілдіруге түседі. Тыңдаушылар курстарымызға келген күні-ақ сауалнама жүргізу арқылы бірден олардың қандай сұраныстары бар екендігін анықтаймыз. Семинар аяқталғанда оның нәтижесі мен сапасы жөнінде сұрау жасалады. Сауалнама мағлұматтары бойынша оқытушылардың рейтингі шығарылады. Имидж, бедел туралы айтпағанда, айлығымыздың мөлшері соған байланысты. Ал кафедра мүшелері тренингтік тәсілдерді меңгерген. Оқытушыларымыздың өздері жиі-жиі тренингтерден өтеді. Сонымен қатар олар мемлекеттік органдарда тұрақты түрде практикадан өтулері ұйымдастырылған. Стратегиялық бағытымыз - ақпараттық-лекциялық әдістен ойындық-тренингтік тәсілге ауысу. Ол тыңдаушыларымыздың санасын терең жұмыс істеуіне ықпал етеді.

- Тыңдаушылар ретінде кімдер келеді?

- Республикадағы мемлекеттік органдарда қызмет істейтін сарапшыдан бастап басқарма бастығына дейінгі төменгі және орта деңгейдегі қызметшілер келеді. Сондай-ақ жергілікті әкімдер және аудан әкімдерінің орынбаралары да бар. Келген әкім болсын, жәй сарапшы болсын, бәрінің талабы бір. Олар: «Менің күнделікті жасап жүрген қызметіме қажетті қабілеттерді, біліктіліктерді берсеңіздер»,- деп сұрайды. Мысалы, тыңдай білу, іс қағаздарын дұрыс жаза білу, қарым-қатынасты адамгершілік нормаларына сай құру, сұхбатты нәтижелі өткізу, уақытты жоспарлау, жұмыс күнін ұтымды ұйымдастыру жолдары сияқты қажетті техникаларды бойға сіңіру сияқты талап деңгейінен шыға білу керек. Яғни, басты мақсатымыз - мемлекеттік қызметшінің біліктілігін шыңдау.

Мысалы, жуырда бір топ тыңдаушылар дәріс алды. Олардың өресі, білуге деген құштарлығы өте жоғары. Құрамы салиқалы, арасында қазір жоғары мемлекеттік органдарда істейтіндер болса да, кезінде ғылым жолында шыңдалған азаматтар да бар. Парламенттің Сенаты мен Мәжілісінен келген тыңдаушылардың сұранысы өте жоғары. Сабақ беру әдісінде аудиторияның сұраныс-талап деңгейінен шығу - оқытушының парызы. Біз соны басты назарда ұстаймыз.

- Сіздер еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің білікті әрі мәдениетті болуына үлес қосып отырсыздар ғой?

- Әрине. Ең қиын жағдай - жұмыс орнында шиленістің алдын алу, кикілжіңге жол бермеу. Олай болса, адамдарды бір-бірімен адамгершілік қатынас құра білуге, мәдениетті сұхбаттасуға, бойкүйездікке, салғырттыққа жол бермеуге үйретуіміз қажет. Мәселен, тілдескен адамыңа «сен» деп бастағаның жөн бе, әлде «мен» деп бастайсыз ба? Соның бәрі маңызды. Айла-шарғы жасауды емес, пікір алмасудың психологиялық астарын, сұхбат барысында адами қасиеттерді пайдалануды үйретеміз. Басты тақырыбымыздың бірі - мемлекеттік қызметшінің этикасы. Ол тәрбиемен тығыз байланыста болғандықтан үлкен сұранысқа ие тақырып. Себебі этикалық нормаларды дұрыс пайдалана білген адамның жұмысы өнеді. Ал қызметшілер жоқ жерде бір-бірімен бет жыртысатын болса, жұмыстың көп уақыты мен оның күш-қуатының босқа кеткені. Кез келген мемлекеттік қызметші өз жұмыс орнында әр күн сайын қабілеттерін толық жүзеге асыруға мүмкіндік алса, мемлекеттік қызметтің сапасы артатыны сөзсіз. Яғни, мәдени ережелерді ұстану, моральдік нормаларды орындау ұжымның адамгершілік-психологиялық ахуалын жақсартудың жеткілікті құралы.

- Кейбір мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілде сөйлей алмайтыны, жаза білмейтіні сынға алынып келе жатыр. Қазақ тілін меңгеруге осындай семинарлардың септігі тие ме?

- Бұрын мұндай семинарлар көбіне орыс тілінде өтетін еді. Соңғы екі жылдан бері семинарлардың тілге катыстылығын 50/50 пайыздан бөліп тастадық. Яғни, семинарлар мемлекеттік тілде 50 пайыздан кем өтпейді. Мемлекеттік тілде біліктілігін көтеретіндердің қатары өсіп келеді. Өзіміздің кафедра мемлекеттік тілде дәріс беруді толық қамтамасыз етіп отыр. Көптеген сабақтарымыз тыңдаушылардың белсенділігіне құрылғандықтан, олар өзекті мәселерді өзара талқылайды. Семинарларымызда мемлекеттік тіл ортасы қалыптасады. Тыңдаушылырымыз казақ тілінде іркілмей сөйлейді. Семинардың нәтижесі бойынша орындалған талдау жазбаларын мемлекеттік тілде қорғайды. Осылайша мемлекеттік органдарда қазақ тілін қолдану арнасын кеңейтуге көмек жасаймыз.

- Алдағы мақсаттарыңыз?

Біздің мақсатымыз - мемлекеттік қызметшінің күнделікті іс-әрекетіне қажетті біліктілігін ұштау, тек теория емес, жаңа әдістер мен көрнекі құралдар арқылы практикаға бағытталған кешенді дәріс беру.

- Әңгімеңізге рахмет!