деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2010 жылғы қаңтардың 11-інде Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі комиссия құрылғаны белгілі. Президенттің бұл шешімі мемлекетіміз жүргізіп отырған сыртқы саясаттың қарусыздандыру векторын нығайтудың логикалық негізі болып табылады. Демек, комиссия мүшелеріне жүктелер міндет пен парыз да салмақты. Комиссияның еліміздің халықаралық аренадағы жауапкершілігі артып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі басталған кезінде құрылуының үлкен саяси мәні бар», деді алғашқы жиынды ашып сөз сөйлеген Қ. Саудабаев. Сонымен бірге, Мемлекеттік хатшы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету барысында Қазақстан жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесіне де негізгі басымдық ретінде қарайтынын айта келе, бұндай комиссия құру арқылы еліміздің аталмыш мәселедегі көшбасшылығы тағы да нақтылана түскенін атап өтті.
ҚР Президенті жанындағы бұл Комиссия халықаралық қарусыздану режимін нығайтуға бағытталған бастамалар әзірлеуді қоса алғанда еліміздің аталмыш салаға қосымша серпін беруін мақсат етпек. Бұл жаңа құрылым қызметіне Қазақстан мойнына алған халықаралық міндеттемелерді тиімді атқару жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу, ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіре түсу және ядролық қауіпсіздік пен ядролық нысандардың физикалық қорғалу жүйесін нығайту шаралары да кіреді.
Қазақстан ядролық қарусыздану тәжірибелеріне ие бола отырып, ядролық қарудан азат әлем құру идеясын қалтқысыз ұстанатын үлгі ел ретінде қызмет етуге әзір екендігі белгілі. Нақты қадамдардың бірі ретінде жақында БҰҰ қабылдаған тамыздың 29-ы - Халықаралық ядролық әрекеттерге қарсылық күнін атауға болады.