«Нефтехим ЛТД» кәсіпорнының жұмысшылары телеарна экрандарының алдына жиналды. Павлодардың танымал Интернет-клубында қазіргі саясат пен экономика қызықтырған қаланың жастары бас қосты.
Президенттің Жолдауын соғыс және еңбек ардагерлері де тыңдады. Достық үйінің үлкен отырыс залында Елбасының сөзін тыңдауға этно-мәдени ұйымдардың өкілдері қатысты. Екінші қалалық аурухананың акт залына кезекшіліктен қолы бос дәрігерлер мен мейірбикелер жиналды.
Президент Жолдауымен халық алдына шыққан кезде дарынды балаларға арналған «Жас Дарын» мамандандырылған мектебінің жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдері сабақтарын тоқтатып, бір адамдай Мемлекет басшысының сөйлеген сөзіне құлақ асты.
Ал Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты мен Инновациялық Еуразиялық университетінің студенттері Жолдауда айтылған инновациялық тың идеяларды қағаздарына түртіп алды..