ҚР Статистика агенттігі бағаларды электрондық тіркеуді енгізбекші

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанның Статистика агенттігі бағаларды электрондық тіркеуді енгізбекші. Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов осылай мәлім етті.

«Дүниежүзілік банкпен бірлескен жобаның шеңберінде біз қазір бағаларды электрондық тіркеуді енгізу бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл агенттік жаңа жүйені Астана мен Алматыда ілкі жоба ретінде енгізіп, бүкіл ел аумағында қолдану үшін «шағын көлемде» қажет жабдықтар сатып алуды көздеп отыр», - дейді Ә. Смайылов. Оның айтуынша, статистика мәліметтерін электрондық форматта алушылар саны да артып отыр. Мәселен, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша агенттік сайтын 600 мыңға тарта пайдаланушы қараған. Бұл үш жылдың ішіндегі пайдаланушылар санының 5 есеге артқанын білдіреді. «Статистикалық мәліметтің қолжетімділігі шынымен өзекті. Бұны кеңейтуді де жоспарлап отырмыз. Пайдаланушылар мемлекеттік статистикамен жұмыс істеулері тиіс. Сонымен қатар, біздің тарапымыздан қоғам мен мемлекетке қажетті индекстік мониторингке де назар аударатын боламыз», - деді төраға.