ҚР Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкіміне Семей қаласының әкімін қызметінен босатуды тапсырды

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы жағдай жөніндегі үкіметтік комиссия мүшелерінің баяндамаларын тыңдады. Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Комиссия есебінің қорытындысы бойынша Премьер-Министр Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа жылу беру нысандарының дайындығын ұйымдастыруға қатысты жұмыстарды тиісінше орындамағаны, жылу көздерінің жұмыстарына қажетті бақылау жасамай, апатты жағдайда қажетті шараларды қолға алмағаны үшін Семей қаласының әкімі М.Айнабековты қызметінен босату туралы тапсырма берді.

Сонымен қатар жылу беру нысандарының дайындығын ұйымдастыру жұмыстарын тиісінше орындамағаны, жылу көздерінің жұмыстарына қажетті бақылау жасамай, Семей қаласында болған апатты жағдайда қажетті шараларды қолға алмағаны үшін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары С.Тәукебаевқа, «ШҚО Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ бастығы А.Шерубаевқа, Семей қаласы әкімінің орынбасары Т.Данияров пен Семей қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы мен автомобиль жолдары бөлімінің бастығы С.Әшеловке қатаң сөгіс жарияланды.