деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақ Ұлттық өнер университеті домбыра кафедрасының меңгерушісі, Дәулеткерей күйлерін зерттеуші ғалым Орынбай Дүйсеннің айтуынша, күй өнерінің атасы Дәулеткерей Шығайұлы халық арасында үлкен құрметке, ілтипатқа ие болып, оған Бапас деген есім берілген. Д.Шығайұлы төре тартыстың негізін салған күйші.
Кеште «Дәулеткерей және Салық Бабажанов», «Дәулеткерей - суреткер күйші» тақырыптары қамтылып, күйлері орындалды.
Күйші Дәулеткерей 1820-21 жылдар шамасында бұрынғы Бөкей ордасындағы Қарамола деген жерде дүниеге келген. Ол жөніндегі көптеген ақпарат Ахмет Жұбановтың ерен еңбегінің арқасында қайта оралды. Дәулеткерей домбыра тартуды Мүсірәліден үйренеді. Ол орыстың балалайкасында, гитара мен мандолинада да шебер ойнаған. Оның ең әуелгі шығармаларының бірі Ақбала атты сұлу қызға арнаған «Ақжелең» күйі. Ал «Қоңыр», «Желдірме», «Керілме», «Ысқырма», «Қосішек» сынды күйлері өмірдегі түрлі көріністерді суреттейді. Халқының тағдыры үшін терең толғанып, тебіренген үздік күйлері - «Топан» және «Жігер». «Жігер» күйі Дәулеткерейдің шығармашылығының шырқау шыңы.
Д.Шығайұлы ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарында өмірден озды. Замандастары мен шәкірттері қастерлеп жеткізген Дәулеткерейдің күйлері халқымыздың музыкасының алтын қорынан орын алды.