ҚР Ұлттық банкі банк секторының қаржылай тұрақтылығын нығайтпақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық банк Қазақстанның банк секторының қаржылай тұрақтылығын нығайтуға бағытталған бағдарлама қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қаржы реттегішінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде айтылған тапсырмасын орындау мақсатында, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Қазақстан Республикасы банк секторының қаржылық тұрақтылығын нығайту бағдарламасын (бұдан әрі - Бағдарлама) қабылдады. Бағдарлама банк секторының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша үш бағытты көздейді: (1) қадағалауға ден қоюдың сапасын және жеделдігін арттыру үшін реттеу және қадағалау ортасын өзгерту; (2) жүйе құраушы банктің қаржылық орнықтылығын арттыру; (3) ірі банктердің қаржылық орнықтылығын арттыру»,-делінген хабарламада.

Сонымен қатар онда бағдарламаның мемлекет қаражатының ақылылығы, мерзімділігі және қайтарымдылығы қағидаттарына сәйкес іске асырылатындығы айтылған. Бағдарламада акционерлердің банктерді қосымша капиталдандыру жөніндегі ортақ жауапкершілігі көзделеді. Сондай-ақ бағдарлама шеңберінде банктердің акционерлері банкті қосымша капиталдандыру және активтердің сапасын жақсарту жөнінде шаралар қабылдауға тиіс. Бұл Бағдарламаға қатысудың міндетті талабы болып табылады.

Банктердің одан әрі дамуы мен жұмыс істеуінің қаржылық модельдерін қоса бере отырып олардың Бағдарламаға қатысуына арналған өтінімдерді Ұлттық банк басқармасы қарайды.

Тұтастай алғанда, банктердің қаржылық тұрақтылығын ныңайту жөніндегі шаралар 5 жыл ішінде банктердің баланстарын проблемалық берешектен тазартуға (капиталдандыруды есептен шығаруды, кешіруді және активтердің сапасын жақсарту бойынша басқа шараларды қамтамасыз ету есебінен), банк секторының жиынтық меншікті капиталын ұлғайтуға әкеледі, бұл банктердің экономиканың нақты секторын несиелеуіне қолдау көрсетеді.

Меншікті капиталдың өсуі және жұмыс істемейтін несиелердің төмендеуі банктердің қолданыстағы стратегияларын және бизнес-модельдерін қайта қарауға және оңтайландыруға әкеледі, олардың нәтижесінде банктердің банк қызметтерінің жаңа және тиімді түрлерін кредиттеуге, кеңейтуге және дамытуға деген белсенділігінің артуы күтіледі.

Бағдарламаның операторы ҚР Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы - «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ (бұдан әрі - Оператор) болып табылады, ол ақша қаражатын беру арқылы қатысушы банктерге қаржылық қолдау тетігін іске асырады.