ҚР Ұлттық банкінің алтын-валюта резервтері жыл басынан бері 4,9 пайызға артып, 30,5 млрд. долларды құрады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл ҚР Ұлттық банкінің алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері өсуін жалғастыруда. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің отырысында жасаған баяндамасында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ғалымжан Пірматов мәлім етті.

Оның айтуынша, алтын-валюта резервтері жыл басынан бері 9,4 пайызға өсіп, 30,5 млрд. АҚШ долларын құраған. Ал бұл, соңғы 4 жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Ал, Ұлттық қордың активтерінің көлемі - 65,7 млрд. АҚШ долларына жетті.  

«Қазақстанның халықаралық резервтері 96,2 млрд. АҚШ долларына жетті. Жыл басынан бергі өсім - 5,3 пайызды құрады», - деді Ғ. Пірматов.

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары теңге салымдары бойынша 2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы деректерді келтірді, - деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.  

«Сонымен, инфляцияға және айырбастау бағамына қатысты жағымды күтулердің күшеюі банк жүйесіндегі депозиттердің өсуіне ықпал етіп отыр. 2016 жылдың алғашқы 6 айында ол 5,3 пайызды (846,2 млрд. теңге) құрап, 16,8 трлн. теңгеге дейін өсті.

ҚР Ұлттық валютаға деген сенімді қайтару жөнінде қабылданған шаралар нәтижесінде халық ұлттық валютаға басымдық бере бастады. Депозиттердің долларлануы төмендеді», - деді Ғ. Пірматов.

Ол осыны растайтын деректерді келтірді. Мәселен, шетел валютасындағы депозиттердің үлесі 2016 жылғы қаңтардағы өзінің ең жоғары мәні - 69,9 пайыздан 2016 жылғы маусымның қорытындысы бойынша - 57,6 пайызға дейін төмендеді. Жеке тұлғалардың депозиттері бойынша долларландырудың деңгейі 67,5 пайызға дейін төмендеді (2016 жылғы қаңтарда - 80,41%). Ал, заңды тұлғалардың депозиттері бойынша теңгедегі және валютадағы депозиттер бөліктері арасында паритет байқалады (тиісінше 49,5% және 50,5%).

«Теңгедегі салымдардың үлесін одан әрі ұлғайту көзделіп отыр.  Ал бұл, экономиканы несиелендірудің белсенділігін арттыру үшін қажетті банктерді теңгемен қорландыруды қамтамасыз етеді», -  деп атап өтті ҚР ҰБ басшысының орынбасары.

Сонымен қатар, Ғ. Пірматов өз баяндамасында экономикаға кредиттер көлемі жылдың басынан бастап іс жүзінде өзгермегенін және 2016 жылғы маусымның соңында 12,5 трлн. теңге болғанын жеткізді.

«Шағын бизнесті несиелендіру мемлекеттік қолдау есебінен - 2,7 трлн. теңгеге дейін, яғни 32 пайызға өсті. Кредиттеу қарқынының айтарлықтай өскенін ауыл шаруашылығы (8,6%-ға) мен құрылыс (2,7%-ға) салаларынан байқауға болады», - деп қорытындылады Ғ. Пірматов.