ҚР Ұлттық банкінің ескерткіш күміс монетасы халықаралық байқауда «Бірегей идеялық шешім» аталымы бойынша жүлдегер атанды

АЛМАТЫ. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ресейдің Санкт-Петербор қаласында өткен ескерткіш монеталардың «Монета жұлдыздары-2009» ІІІ Халықаралық байқауында ҚР Ұлттық банкінің «Диадема бөлігі» ескерткіш күміс монетасы «Бірегей идеялық шешім» аталымы бойынша II орынды иеленді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҰБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Эрмитажда өткен бұл байқауды  «Уотер Марк» баспа үйі ұйымдастырған. Оған қатысқан монеталарды ұсыну құқығына ұлттық банктер, монета сарайлары мен   дистрибьютор компаниялар ғана ие. «Монета жұлдыздары-2009»  байқауына  2008 жылғы қаңтардың 1-і мен  желтоқсанның 31-і аралығында айналысқа шығарылған монеталар қатыстырылды. Жеңімпаздарды Ресейдің және Еуропа мұражайларының (оның ішінде - Мемлекеттік эрмитаж, Ресейдің мемлекеттік тарихи мұражайы, Ресей тарихының ұлттық мұражайы, Тарих және өнер мұражайы, Литвадағы Чюрленис атындағы ұлттық өнер мұражайы), коммерциялық банктердің, нумизматикалық қоғамдардың, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіретін конкурстық комиссия айқындайды.  Олар «Бірегей идеялық шешім», «Сәтті көркемөнер шешімі», «Айрықша технология», «Жылдың күміс монетасы», «Жылдың алтын монетасы», «Жыл монетасы аталымдары бойынша айқындалды.  

Жалпы  «Көшпенділер алтыны» сериясынан500 теңгелік номиналдағы «Диадема бөлігі» монетасы айналысқа 2008 жылы қыркүйектің 6-сында шығарылған болатын. Пішіні 12 қырлы болып келетін оның бет жағында  «500 ТЕҢГЕ» деген жазу және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі,  монета соғылған металды, сынамын және  массасын білдіретін «Ag 925  31,1gr.» деген жазу бар. Сол жақ бөлігінде шауып келе жатқан төрт салт атты бейнеленген. Монетаны айналдыра  жалпақ күңгірт жиек жүргізілген, оған бедерлеп мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және ағылшын тілінде «REPUBLIС OF KAZAKHSTAN» деген сөздер жазылған. Жазулар нүктелермен бөлінген.   Монета сынамы 925 күмістен дайындалған,  массасы - 31,1 грамм,  сипатталған шеңберінің диаметрі - 38,61 мм, «proof» сапасымен дайындалған, таралымы  - 5 мың дана.