ШЫҰ Аймақтық лаңкестікке қарсы құрылым кеңесінен хабарлағанындай, мәжіліске қатысушылар лаңкестікпен, сепаратизммен және экстремизммен күрес саласындағы ынтымақтастықты жетілдіру мәселелерін талқылады. Оған қоса, Тәжікстан Республикасының аумағында өткізілген «Норак-Лаңкестікке қарсы-2009» бірлескен лаңкестікке қарсы жаттығудың қорытындысына жоғары баға берілді. Сондай-ақ Шанхай қаласында өтетін «ЭКСПО-2010» көрмесінің, 2010 жылы Гуанчжоу Азиялық ойындары мен 2011 жылы Қазақстандағы қысқы Азиялық ойындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ШЫҰ елдерінің кешенді шаралары мақұлданды.
Осы мәжіліске қазақстандық тарапты бастап барған Қазақстан Республикасының өкілі - Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әділ Шаяхметов 1 жыл мерзімге ШЫҰ Аймақтық лаңкестікке қарсы құрылым кеңесінің төрағасы болып сайланды. Кеңестің келесі мәжілісін 2010 жылдың сәуір айында Ташкентте өткізу жоспарлануда.