Осыған орай бүгін аталған ведомствода баспасөз мәслихаты өтіп, онда Мал шаруашылығын дамыту және ветеринариялық қауіпсіздік департаментінің директоры Рәбиға Тоқсейітова бірқатар түсінік берді.
Оның айтуынша, 2006 жылы қабылдаған еліміздің «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың міндетті құзіретіне ауыл шаруашылығы малдарын сою алаңдары құрылысын салу, ұстау және жөндеу қызметтері берілген. Дегенмен 3 жыл өтсе де әлі күнге дейін бұл норма заңнаманы қажет еткендіктен толық көлемде жүзеге аспаған.
Осы уақытқа дейін мал сою шаруа қожалықтарының өзінде жүргізіліп келгендігін айтқан департамент директорының сөзіне қарағанда, мұндай жағдай малға да, адамға да ортақ аурулардың өршу қауіпін тудырады. Себебі қалалардың, облыс орталықтарының базарларын қамтамасыз етіп отырған мал етінің 80 пайызы осы шаруашылық қожалықтарына тиесілі. Ол жерлерде мал сою үрдісі мал дәрігерінің қадағалауынсыз жүзеге асады. «Бұндай жағдай бізді бей-жай қалдырмады. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ветеринариялық бақылауды қатайту мақсатында осы нормаларды ҚР «Ветеринария туралы» Заңына енгіздік», деді өз сөзінде Р.Тоқсейтіова.
Аталған заңды жүзеге асыру барысында қабылданған Үкіметтің арнайы қаулысында мал союдың тәртіптері қарастырылған. Онда барлық ет өңдейтін комбинаттары жоқ елді-мекендерде малды бауыздау мал сою бекеттерінде немесе уақытша мал сою алаңдарында жүзеге асуы қажет. Осы орайда мал сою бекетінен алаңның айырмашылығына тоқталған департамент басшысы «Мал сою алаңының едені бетондалып, септигінің болуы, қабырғалары зарарсыздандырылатын материалдармен қапталуы және сырлануы қажет. Сонымен қатар, ол жерде мал дәрігері міндетті түрде болып, малды бауыздар алдында және сойып болғаннан кейін ішек-құрылысын қарап, аурусыз болған жағдай анықтама беруге тиіс», деді.