Бұл туралы аталмыш компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Қаратау қаласына қосымша электр көзін жеткізу бойынша ҚТЖ Сексеуіл стансасынан қуаты 1,05 МВт жылжымалы электр стансасы тіркелген құрам жеткізіп берді. 160 КВт, 75 КВт, 200 КВт уақытша электр желілерімен қамтамасыз ететін құрылғылар теміржолшылардың көмегімен орнатылуда.
14 қаңтар күні Қаратау қаласына Шудағы «Теміржолсу-Шу» мекемесінен үш цистерна техникалық су тасымалданды. Ал апатты аймақта жұмыс істеп жатқан Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлеріне азық-түлік жолаушылар пойызымен жеткізіліп отыр. Сонымен қатар, мамандарға екі бос плацкартты вагон берілді. Тағы екі вагон Қаратау қаласына жеткізілетін болады.
Жамбыл жол бөлімшесінің бастығы Серікжан Атымановтың айтуынша, бүгінде Жамбыл жол бөлімшесі мен темір жол мекемелерінің басшылық құрамы түгел Қаратау мен Жаңатас қалаларында жүр, шығындарды есептеп, қалыпқа келтіру жұмыстарына қолұшын беруде. Жол бөлімшесі бастығының жеке вагоны да Қаратау қаласында штаб басшылығына берілді.
Жаңатас пен Қаратау вокзалдарына келген шығын да есептелуде. Әзірге Жұма-Ақтаутас телімі бойында 720-ға жуық электр бағаналарының құлағаны белгілі болып отыр. Қазір қолда бар жүз бағана жөнелтілді. Сондай-ақ, телімдегі 20 бағдаршамды да қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті.
Бүгінгі күні Қаратау мен Жаңатас қаласының тұрғындарына көмек колын созған компаниялардың жүгі де Жамбыл стансасына жеткізілуде. Мамандарға келген жүкті тіркеу мен оларды жоғарыдағы қалаларға тосқауылсыз жөнелту жөнінде тапсырмалар берілді.
Бурное стансасының бастығы Махмұт Сәрсембаевтың сөзіне қарағанда, жақын маңда қалған автобустар пен жеңіл көліктегі жолаушылар стансаға жеткізіліп, 12 желтоқсан күні 198 адам жолаушы пойыздарына отырғызылыпты. №57 Көкшетау-Қызылорда пойызына Шымкентке дейін 45, Түлкібасқа 40 адам отырғызылса, №378 Маңғыстау-Алматы пойызына Жамбылға дейін 16 адам, №12 Шымкент-Алматы пойызына Жамбылға 65 адам, №316 Новосібір-Ташкент пойызына 32 адам отырғызылған.
Боранды күні станса теміржолшылары түгелдей жол тазартуға шығып, ешбір қиындыққа жол бермеген, соның арқасында пойыздар қатынасында ешқандай тосқауыл орын алмаған.