Куәгер С. Ахметовтің «Топар жылыжайларының» иесі екенін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық сотында «Ахметов ісі» бойынша куәгерлерден сотта жауап алу жалғасып жатыр. 4 қарашада С. Ахметов пен облыстың бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктеріне қатысты қылмыстық істің соңғы эпизоды - «Топар жылыжайлары» ЖШС-нің қызметіне қатысты бөлігін қарау басталды.

Айыптаушы тараптың нұсқасы бойынша «Топар жылыжайлары» ЖШС-і іс жүзінде С. Ахметовтің иелегінде болған.

Сотқа куәгер ретінде шақырылған «Топар жылыжайлары» ЖШС-нің директоры Александр Забиров агрокешенді жетілдіру процесі қалай жүргізілгені және оған Серік Ахметовтің қандай қатысы болғаны жөнінде әңгімеледі. «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Green Tehnology» ЖШС-де бастық болған А. Забиров өзінің туған кенті Топарда жылыжай кешенін жетілдіру жобасын іске асыруды армандаған. Оның бұл идеясын сол кездегі Қарағанды облысының әкімі С. Ахметов бірден қолдайды. Нәтижесінде «Қазақмыс» жылыжай кешенін «Топар жылыжайлары» ЖШС-не қалдық құнымен 161 млн. теңгеге сатады. Кәсіпорын үлесінің 90,1 пайызы А. Забировқа, қалған 9,9 пайызы «Сарыарқа» Әлеуметтік-Кәсіпкерлік Корпорациясы» Ұлттық компаниясы» (қысқаша «Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ) АҚ-на тиесілі болады. Куәгер сотта «Топар жылыжайлары» фирмасының иесі С. Ахметов екенін ашып айтты.

«Жылыжайды жетілдіруге қаражат қажет екені белгілі. Мұны мен «Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Гұмар Рахымжановқа баяндадым. Арада біраз уақыт өткенде ол мені шақырып алып, жылыжайды жетілдіруге 78 млн. теңге ақша бөлінгенін айтты. Кейініректе тағы да қаражат қажеттілігі туындап, «БТА-банк» несиелік желісін ұлғайтудан бас тартқанда Г. Рахымжановқа қызметтік хат жаздым. Біраз уақыттан кейін ол маған және «Сарыарқа» ӘКК»ҰК» АҚ-ның активтер департаментінің бастығы Қисықовқа «БТА-банктің» берген қарызын «Метрокомбанкте» қайта қаржыландырып, несиелік желіні 385 млн. теңгеге дейін ұлғайтуды тапсырды. Сонымен қатар маған Матаев (облыс әкімінің бұрынғы орынбасары) «Топар жылыжайлары» ЖШС-і жобасына 7 пайыздық мөлшермен несиелік жәрдемақша алу үшін «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына кіргізуге нұсқау берді»,- деп әңгімеледі сот залында А. Забиров.

Куәгердің түсіндіргеніндей, 2012 жылы желтоқсанда Матаевтың қоңырауымен ол өзіне формалды түрде тиесілі кәсіпорынның үлесін Ерлан Биялиев пен Гауһар Ахмалишеваның атына аударады. «Бұлар кімдер?» деген сұрағыма Матаев Биялиевтің С. Ахметовтің сенімді адамы екенін айтты. Ал Ахмалишеваны «Топар» асыл тұқымды мал шаруашылығында жұмыс істеген кезінен білетінмін,- деді ол. «Кейіннен С. Ахметов вице-премьер қызметіне жоғарылағанда облыстағы әкімшілік ахуал өзгерді. Ол кезде «Топар жылыжайлары» ЖШС-нің белгілі бір үлесі «Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ-ында болды. Тәуекелге бармас үшін сол үлесті сатып алдық. Бірақ алдымен осы АҚ берген қаржылық қарызды қайтарып, артынан үлесті сатып алу керек болды. Осы мақсатқа С. Ахметов 200 млн. теңге бөліп, оны маған жеткізді. Сол сәттен бастап «Топар жылыжайлары» ЖШС-і Ахметовтің иелегіндегі жекеменшік кәсіпорынға айналды»,- деп түсіндірді істің мәнісін А.Забиров.

Әмина БӘКІР