Куәліксіз көлік жүргізіп, ғаламторға танылған 1995 жылғы бойжеткен жазаға тартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші қыз әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Алматы қалалық Ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, 1995 жылы туылған С. есімді азаматшаның әрекетіне қатысты қалалық ІІБ әкімшілік полиция басқармасы көлікті куәліксіз жүргізгені және жолдың қарама-қарсы бағытына шығып кеткені үшін әкімшілік хаттама толтырды.

Естеріңізге сала кетейік, 17 ақпанда Жұбанов-Жароков көшелерінің қиылысында «Тойота-Камри» көлігін тізгіндеген жасөспірім қыз көлік кептелісінде тұруға шыдамы жетпей, қарсы бағытқа шығып кетіп, жол ережесін өрескел бұзған еді. Бұл туралы бейнежазба ғаламтор желісін шарлап кеткен болатын.

Енді бойжеткен 20 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр. Тексеру нәтижесі көрсеткендей, оның жүргізушілік құқығын растайтын құжаты да жоқ болып шықты.