«ҚУАТ Корпорациясы» АҚ-ның республиканың 8 банкіндегі барлық есепшоттарына тыйым салынды - Қаржы полициясы

АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазіргі кезде құрылыс компанияларының бірқатар басшыларына қатысты қылмыстық істер қаржы полициясы органдарының өндірісінде. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мәселен, 2009 жылғы қаңтардың 26-сында «ҚУАТ Корпорациясы» АҚ басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды, олар Алматы қаласында «Сайран» шағынауданының 20 кварталы» құрылыс нысандарын салу кезінде 310 үлескердің 1 млрд. 300 млн. теңге қаражатын жымқырған. Алдын ала тергеу барысында «ҚУАТ Корпорациясы» АҚ-ның республиканың 8 банкіндегі барлық есепшоттарына, жер телімдерінің 242 нысанына тыйым салынды», - деді ресми өкіл. Оның айтуынша, сонымен бірге «Столичная недвижимость» ЖШС басшысына қатысты қылмыстық іс айыптыларды іс материалдарымен таныстыру сатысында. Олар тұрғын үй кешенін салу кезінде 688 азаматтың 3 млрд. теңгеден астам қаражатын таран-таражға салған. Залалдың орнын толтыру мақсатында 6,5 млрд. теңгеге тыйым салынды. Осы іс бойынша аталмыш серіктестіктің екі басшысына айып тағылып, қамауға алынды және олардың 5 сыбайласына ешқайда шықпау туралы шара қолданылды. «Үлестік құрылысқа қатысты барлық қылмыстық істі тергеу Агенттік басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу нәтижелері жұртшылыққа жеткізілетін болады», - деді М. Жұманбай.