Кубада жанармай дағдарысына байланысты темекі жәрмеңкесі өтпей қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл сайын өтетін халықаралық кубалық сигара жәрмеңкесі қатты жанармай тапшылығына байланысты өтпей қалды, деп хабарлайды Euronews.
Ресми мәлімдемеде кубалық сигараларды экспорттауға құқығы бар Habanos S.A. компаниясы бұл шешімді іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуы мен сапасын қамтамасыз ету үшін қабылданғанын атап өтті. Алайда 26-шы рет өткізілгелі отырған жәрмеңкенің қай күнге белгіленгені әлі жарияланған жоқ.
АҚШ-тың мұнайға шектеу қоюына байланысты Кубада энергиямен қамтамасыз ету қиындығы туындады. Елде экономиканың әртүрлі салаларына әсер еткен электр қуатының мәселесі ұзаққа созылғалы тұр.
Мектептер мен кәсіпорындар жабылып, ауруханалар энергия ресурстарын үнемдеу үшін жұмыс уақытын қысқартты. Ел соңғы онжылдықтағы ең ауыр дағдарыстың бірін бастан өткеріп жатыр.
Португалиялық Correio da Manhã газетінің хабарлауынша, бұған себеп Венесуэла Кубаға мұнай жеткізуді тоқтатқан. Ел экономикасы қиын жағдайда: электр қуатының өшуі кәсіпорындар мен әлеуметтік мекемелердің жұмысын кідіртіп, туризм саласын тоқытартты, әуе рейстері тоқтатылды. Жақында азық-түлік тапшылығы туындап, әлеуметтік толқулар орын алады деген қауіп бар.
Халықаралық сигара жәрмеңкесі елдегі дәстүрлі шаралардың бірі. Қатысушылар темекі плантацияларына барып, өндіріс процестерімен танысады, мамандандырылған аукциондарға және жаңа өнімдердің тұсаукесерлеріне қатысады. Іс-шара жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен коллекционерлерді, дистрибьюторларды және сарапшыларды тартады.
Өткен жылғы аукцион қолмен иленген сигаралардың эксклюзивті партиялары үшін 18 миллион доллар кіріс әкелді. Habanos S.A. компаниясының былтырғы жылғы рекордтық кірісі 827 миллион доллар болды.