ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың АҚШ-қа сапары БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйлеуімен және осы әлемдік ұйымның Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесумен аяқталды. Осы сапар жөнінде егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Сапар табысты тәмамдалды» тақырыбымен берілген мақалаға назар аударыңыз.
Осы тақырыпты арқау еткен мақаланы «Айқын» және «Астана ақшамы» гезеттерінің бүгінгі санынан да оқи аласыздар.
«Қадірі бөлек Кәрекең». Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Қуанышбай Құрманғалидың мақаласы белгілі жазушы Кәрібай Ахметбековтың өмір жолына арналыпты. «Аяулы азамат, көрнекті жазушы Кәрібай Ахметбеков еді. Оның көптеген кітаптары жарық көрді. Ол еңбектерінің бәрін тізбелеп, жеке-жеке талдап жатуға бір мақала аясында мүмкіндік аз болғандықтан, мен оның тұсаукесер туындысы "Сый орамал" мен соңғы жарық көрген шығармасы "Қасіретке" ғана тоқталып өтпекшімін. Бұл оның жазушылық жолын бағамдап-бағалауға да оңтайлы тәсіл»,- дейді жазушы.
***
Таяуда Ақтөбе қаласының ІІБ қызметкерлері темір тордың аржағында отырып-ақ, бостандықта жүрген тұрғындардан оңай жолмен қомақты ақша бопсалап жүрген алаяқтардың қылмысын әшкереледі. Оқиғаның мән-жәйін «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Түрмеден соғылған қоңырау» тақырыбымен берілген мақаладан оқи аласыздар.
«Құдіреті керемет кесенені қайтсек әлемге таныта аламыз?» Осындай сауалға құрылған «Айқын» газетіндегі келесі мақала киелі Түркістан қаласының болашағына алаңдаушылық білдіріпті. «Үкіметтің туристік кластерді дамыту бағдарламасын қабылдағанына да біраз болды. Ақтау-сити, Балқаш, Бурабай, арнайы аймақтары құрылып, Отырар ауданы Арыстанбаб кешені аумағында туризмді дамытуға үкіметтен қомақты қаржы бөлдіріп жатқанда біздер қала бюжетіне қаржы түсірудің орнына, туристерді Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне тегін кіргізіп отырмыз. Мұндай жағдайда біздің қаламызда туризмді дамыту бағдарламасы не болмақ?»- дейді басылым.
Он сегіз мың ғалам құпия сырға толы. Оның бәрін «аштық, білдік» деуге әзірге адамзаттың құқы жоқ. ғалам неғұрлым жұмбақ болған сайын, оның ішіне үңілуге адамның құмары артары анық. Десе де, өткені беймәлім, бірақ адамзат тарихында елеулі орын алған, өркениетке үлес қосқан, тіршілік отын қоздатқан аймақтар, елдімекендер жер бетінде жеткілікті. Ол орындар жайлы аңызға бергісіз әңгімелер көп. «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Жер бетінен жоғалған қалалар» атты мақала аңызға айналған шаһарлар жайында сөз қозғайды.
***
Астана қаласы әкімінің тұрғындармен есепті кездесуінде қала баcшысы Иманғали Тасмағамбетов сауал жолдаған көптің ішінен үш тұрғынды жеке қабылдауға уәде берген болатын. Белгіленген күні аталған азаматтардың көкейкесті мәселелерімен өз кабинетінде оңаша отырып бөлісті. Толығырақ «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санындағы «Қала басшысы қабылдады» деген тақырыппен берілген мақалаға назар аударыңыз.
«Дана халқымыздың рухани-көркемдік тәжірибесі, ұлттық тәрбиесі, ой-сезім, сұлулық дүниесі қандай десеңізші! «Ер үстінде ұйықтамасаң, атқа мініп нең бар. Халық қамын жей алмасаң, датқа болып нең бар» дейтін абзалдық қағидасы, қасиетті дала лебізі сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында саңқылдап естілді»,- деп жазған «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санындағы келесі мақала «Жеңіп қайтсаң жауыңды, Атаңның жарық күні - сен» деген тақырыппен Ұлы Жеңістың 65 жылдығына арналыпты.
Сондай-ақосы басылымда жарық көрген «Жақынын жатқа қимас жұрт емес пе ек?» атты мақала жүрексіздердің сауда көзіне айналып бара жатқан жетімдердің тағдырына назар аударыпты. «Жетім десе жүрегі елжіремейтін қазақ жоқ. Есіркейді. Мүсіркейді. Жаны ашиды. Алайда, қоғамдық тұрғыдан алғанда жетімдерге жанашырлық танытып қоя салу тым аз. Әсіресе, адам айласы артып, әртүрлі жаман пиғылдар іске асырылып жатқан мына заманда жетімдер мәселесіне қарекетсіз қарау - қайырымсыздық »,- дейді басылым.
***
«Әзірше қазақтың көңілден шығатындай тарихы жазылған жоқ»,- дейді «Алаш» тарихи ғылыми - зерттеу орталығының президенті Хайролла Ғабжәлелов «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында. Қазақ тарихын зерттеуде тың әдістер мен соны көзқарастарға ие болғыңыз келсе, басылымның «Алаш азаматы» айдарына назар аударыңыз.
«Астық пен дақылдардың биоотын өндірілетін көлемін квотамен шектеу керек пе?». Осы мәселе үшін Парламент Мәжілісінің депутаттары аталмыш заң жобасын үшінші оқылымға қалдырып отыр. «Алаш айнасы» газетіннің «Ой-көкпар» айдарында Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұханбек Омаров пен Парламант Сенатының депутаты Серік Ақылбай аталған тақырып төңірегінде пікір таластырыпты.
«Осыдан 79 жыл бұрын ақ қарлы ақпанда аспанмен астасқан Хантәңірі шыңы шыр ете түскен сәби үнімен жаңғырып кеткен-ді. Елшен бүйрек елі ол кезде дүниеге ерекше жанның келгенін, кейін оның Қарасазды қалың қазақ елін былай қойғанда, дөңгелеген дүниеге танытатын ақиық ақын болатынын қайдан білсін?!» Осылай ой тербеген «Алаш айнасы» газетіндегі келесі мақала «Мұқағали музейде емес, әрбір жүректе «өмір сүруі» керек!» деген тақырыппен қазақ поэзиясының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев төңірегінде ой өрбітеді.