Құқық қорғау саласында қызмет ететін қыз-келіншектер өз мамандығының сырымен бөлісті

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қай мамандықтың болмасын өзіндік қызықтары мен қиындықтары бар. Ал заң саласында қызмет ететіндердің жауапкершілігі, ауыртпалығы өзгеше. Себебі сіздің шешіміңіздің, әрекетіңіздің арғы жағында адам тағдыры жатыр. Бүгінгі біздің мақаламыз сот, полиция мен қылмыстық атқару жүйесі органдарында еңбек ететін нәзік жандылар жайлы болмақ.

Сот саласында – 31 жыл

Раушангүл Байжұманова Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы болып қызмет етеді. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген Төле бидің қанатты сөзі оның ұстанымына айналған.

«Әке-шешем төрт түлікпен ас-суын тапқан қарапайым еңбек адамдары. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ заң қызметкері болуды қаладым. Бәлкім оған үйдің тұңғышы болғандықтан бауыр-сіңілдеріме қарап, ерте есейгенім себеп болған шығар. Ал сыныптастарымның көбісі мұғалім немесе дәрігер болғысы келетін. Құдайға шүкір, мақсатыма жетіп 1993 жылдан бастап күні бүгінге дейін судья лауазымын атқарып келемін», - дейді ол.

Сот саласындағы еңбек жолын осыдан 31 жыл бұрын сот отырысының хатшысы, кеңсе меңгерушісі қызметінен бастаған. Осы уақыт аралығында Бесқарағай аудандық және Бородулиха аудандық соттарының судьясы, ШҚО №2 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы болып еңбек етті. Бір қызынан екі немере сүйіп, тәрбиелеп отыр.

«Жұмыс барысында әр түрлі істерді қарадық. Бұл жауапкершілігі мол, жүгі ауыр сала екендігі айтпаса да түсінікті. Әр шешіміңнің арғы жағында адам тағдыры тұрады. Әсіресе, ішкілікке салынған адамдарды ата-аналық құқығынан айыру туралы істерде өте ауыр. Себебі қаршадай балалар әке-шешесі қандай болса да жақсы көреді, қимайды. Ботадай боздап, ата-анасынан айырмауды сұрайды. Бірақ кей жағдайда айыпталушы еркектер мен әйелдер перзенттеріне жоқшылықтан, аштықтан басқа ештеңе бере алмайды. Ондайда бала өзі түсінбесе де соның қамы, болашағы үшін шешім қабылдаймыз. Алайда заң бойынша ата-анасы кез келген уақытта түзеліп, бауыр еті баласын қайтара алады», - деді Раушангүл Байжұманова.

Сот төрелігін сапалы жүзеге асырғаны және Судьялар одағының жұмысына және қоғамдық шараларға белсенді араласқаны үшін ол бірнеше алғыс хаттармен, грамоталармен марапатталған. Ал «Үш би» төсбелгісінің иегері атануы кәсіби біліктілігінің жоғары екендігінің бірден бір дәлелі.


Жедел әрі жауапты маман

Салтанат Ожиканова Шығыс Қазақстан облыстық қылмыстық атқару жүйесінде 2008 жылдан бастап қызмет атқарады. Еңбек жолын ОВ 156/2 мекемесінде заңгер лауазымынан бастаған. Кейіннен ҚАЖД пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің инспекторы лауазымына ауысты. Сондай-ақ аталған департаментінің баспасөз хатшылығы да оның міндетінде.

«Әр мамандықтың өзіндік қызығы мен қиындығы болады. 13 жылдан астам уақыт осы салада тер төгіп келемін. Әрдайым бірінші орынға жауапкершілікті қоямын. Қызметіміз күн демей, түн демей жалғаса береді. Бұл сала әркез аса сақ болуды, қырағылық пен жедел шешім қабылдай білуді талап етеді», - дейді ол.

2021 жылдың қорытындысы бойынша идеологиялық және имидждік жұмысын, БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимыл жасауға және қоғамның пікіріне оң ықпал етуге бағытталған қызметін жоғары деңгейде атқарғанының нәтижесінде республика көлемінде Шығыс Қазақстан облысы алдыңғы қатарға шыққан.

Қызметіне адалдық танытып, еңбексүйгіштігімен ерекше көзге түскені үшін бірнеше рет ҚР ҚАЖ комитетінің, ШҚО бойынша ҚАЖД бастығының грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталған.

Отбасы мен қызметін қатар алып жүрген Салтанат Даулетбекқызы бүгінде екі ұлдың анасы. Үлкені 4-сыныпта, ал кішісі 1-сыныпта оқиды.

«Жұмыста жүріп кейде отбасыма, балаларыма көңіл бөле алмай қалатын кездерім де болады. Мұндайда жолдасым қолдау көрсетіп отырады. Қызметімді жауапкершілікпен атқарып жүргенім – бірінші кезекте шаңырағымдағы береке-бірліктің, тірегіме айналған жұбайыммен арадағы сыйластық пен түсіністіктің арқасы», - дейді Салтанат Ожиканова.


Бұрынғы мұғалім, қазіргі полицей

Гүлнұр Түсіпова 1985 жылы Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Үлкен-Бөкен ауылында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Өскемен қалалық ПБ Ертіс полиция бөлімінің кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі аға учаскелік инспекторы болып жұмыс істейді.

«Шынымды айтсам, ішкі істер органына жұмысқа ойда жоқта орналастым. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «филология» факультетін аяқтаған соң, Риддер шаһарындағы білім ордасында жоғарғы сыныптарға қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ бердім. Мектеп қабырғасында жүргенде өзімді басқа салада көргім келді. Сол кезде газеттердің бірінен Өскемен қаласы Ішкі істер басқармасының Ақпарат бөліміне қазақ тілінен аудармашы қажет деген хабарламаны көріп қалдым. Сөйтіп, сол жаққа жұмысқа орналастым», - дейді полиция майоры.

Осылайша, ол жанына жақын мамандықты тапқан. 2012 жылы кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып орналасты.

«Ең бірінші лейтенант шенін алып, форма кигендегі әсерім ерекше болды. Сол кезде өзіңе артылған міндет пен жауапкершілікті сезінеді екенсің. Бұл өмірде әйел затының орны ерекше ғой. Әйел – ардақты ана, аяулы жар. Қажет болса қолына қару алып, Отанын қорғауға дайын батыр да болады», - дейді Гүлнұр Түсіпова.

Оның айтуынша, ішкі істер органында ер адамдармен иық тіресе жұмыс істеп жүрген қыз-келіншектер көп. Әсіресе кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі бөлімде көбінесе нәзік жандылар қызмет атқаруда.

«Себебі мінез-құлқы қиын баланың тілін табу, ешкімге бой бермейтін жасөспірімге ақыл айту, араққа салынып өз баласына қарамай жүрген әйелге көмектесу – ер азаматқа қарағанда бізге жеңілдеу. Менің ойымша, әйел өз отбасына, баласына көңіл бөліп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, екі жақты бірдей алып жүре білуі керек. Жұмыс барысында анасынан айырылған баланы көрген соң, үйге келгенде өз балапаныңды қатты құшақтап: «Шіркін, өмірдегі барлық бала бақытты болса ғой» деп ойлайсың», - дейді инспектор.

Бір күні оған әке-шешесінен айырылған тұл жетім ұлды Балалар үйіне құжаттары рәсімделгенше бейімдеу орталығына апару жайлы тапсырма берілді.

«Мектептен баланы қарсы алып, әкімшіліктен барлық құжаттарын алдым. 7-сынып оқушысымен бірге автобусқа отырып, бейімдеу орталығына қарай жол тарттық. Қайда бара жатқанымызды сұрамады, іштей бәрін сезетіндей. Сол кезде жүрегім ауырып: «Байғұс, балақай. Анасының аяулы алақанына не жетсін» деген оймен мен де үнсіз отырдым. Бейімдеу орталығының қызметкерлері баланы тексеріп, құжаттарын қабылдап алды. Баланы қимай біраз тұрдым. Кенет бір жас жігіт ішке кіріп келіп баланы бассалды. Сөйтсем, ағасы екен. Екеуі жылап, бір-бірін құшақтап тұр», - дейді Гүлнұр Түсіпова.

Ағасы 18 жастан енді асқан студент болса да жұмыс істейтінін артынан білген. Сол жұмыс орнындағы бастығы «Баланы әзірше біз асырап алайық. Кейін өз қолыңа аласың» депті.

«Ағасының інісіне айтқан: «Мен сені тастамаймын. Алып кетемін. Сәл шыда, бауырым» деген сөздері әлі есімде. Жұмысымызда осындай өкінішті жағдайлармен күнде кездесеміз», - дейді сақшы әйел.

Бүгінде майор екі ұл тәрбиелеп отыр. Жолдасы – жеке кәсіпкер. Ол жұбайының жұмысыма түсіністікпен қарап, әрқашан қолдау танытып келеді.